Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы республикалық акциясы бастау алды

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2016
  • 4260

«Тәуелсіз Қазақстаным" пойызы халықпен қауышуға бет алды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылыған  акция шеңберінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарын ақпараттық, медициналық тегін көмек пен мәдени іс-шаралар күтіп тұр. Пойыз 43 күн ішінде шалғайдағы 35 ауылға табан тіремек.

Іссапарға аттанғалы отырған арнайы топты бүгін қала тұрғындары мен билік өкілдері Астана темір жолы вокзалынан шығарып салды. Топтың басты мақсаты - шалғайдағы қауымға кез-келген мәселе төңірегінде көмек беріп, қолдан келсе мәселесін шешіп беру. Осы акция аясында 140-тан астам іс-шара өткізіліп, оның ішінде партия тарапынан 33 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылмақ. Бригада құрамында "Нұр Отан" партиясы мен барлық министрліктің өкілдері, мәжіліс депутаттары, ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, дәрігерлер мен ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері бар.

Қазыбек Қаскенов, «Нұр Отан» партиясының ардагері, ақпараттық-насихат тобының мүшесі:

Кез келген мәселені шешу үшін тиісті мекеме құзырлы қызметкерлерін жіберген. Олар сондағы жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, шалғайдағы ағайын мәселесін тиімді шешу жолдарын қарайды. Біз жер мәселесі, бала бақша кезегі, денсаулық сақтау саласында, тіпті, керек десеңіз, отбасылық мәселе төңірегінде жүздеген, мыңдаған мәселенің шешілуіне ықпал еттік. Бұл акция осымен құнды.

Жалпы елімізде мұнан өзге тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 200-ге жуық түрлі ауқымды іс-шаралар бастау алғаны белгілі. Қай қайсы болсын, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін айшықтап, әр азамат мемлекет қамқорлығында екенін сездіру. "Тәуелсіз Қазақстаным" пойызы ҚХА бастамасымен осымен 8-ші рет жолға шықты. Байтақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне баратын пойыз жұмысын 14 желтоқсанда Алматыда аяқтайды.

Ералы Тоғжанов, ҚХА төрағасының орынбасары:

Негізгі мақсатымыз - біздің мына ауылдарға дейін жету, 25 жылдағы жетістігімізді халыққа айқындап жеткізу. Мәңгілік ел идеясын халыққа одан әрі түсіндіріп, үлкен ойымыз нақты шарамен жергілікті халыққа көмек көрсету.