Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қымбат мопедтерді ұрлаумен айналысқан шетелдік азамат ұсталды

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2023
  • 2812

Күдіктіні Әуезов ауданының полиция қызметкерлері анықтады, деп жазады Zakon.kz.

Жедел уәкілдердің мәліметінше, 24 жастағы жігіттің бөтеннің мүлкін ұрлаудың кем дегенде төрт дерегіне қатысы бар.

"Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Өзбекстан азаматы – 1999 жылы туған Н.есімді азамат Ақсай-1 ықшамауданындағы үйдің ауласынан Бумер мопедін ұрлап кеткен. Жәбірленуші материалдық шығынды 520 мың теңгеге бағалады. Күдікті ұсталды. Оның осыған ұқсас тағы үш қылмыс жасағаны анықталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен тіркеліп, тергелуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр" – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.