Алматыда инстаграм желісі арқылы айфон маркалы телефонды сатпақ болып, адамдарды 15 миллион теңгеге тақырға отырғызған алаяқ ұсталды. Дәл осылай интернет арқылы алдайтындар азаймай тұр. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам кибер қылмыс тіркелген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше кибер қылмыстарды ашудың күрделілігі олардың трансшекаралық сипатына байланысты. Көбіне алаяқтар еліміздің басқа өңірінде немесе шетелде отырып алып айлаларын асырады. «Hi-tech» деп аталатын жедел тексеру жұмыстары кезінде небәрі 3 күн ішінде 200 қылмыс ашылған. Көбіне олар бағалы тауарды арзан бағаға сатады немесе тез жеткізіп береміз деп сендіреді. Осылайша адамдардан толық не жарты бағасын көрсетілген есепшотқа төлеуді сұрайды.
Рүстем ДҮЙСЕТАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Банк қызметкері болып хабарласатындар да жиі кездеседі. Күдікті операцияны айтып сендіріп, оны блоктау үшін картадағы мәліметтерді және оның артқы жағындағы үш таңбалы кодты сұрайды. Одан әрі алынған мәліметтердің көмегімен интернет-банкинг қосылып, шоттағы ақша ұрланады. Немесе алаяқтар ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұсынып, іс жүзінде ақшаны оларға тиесілі резервтік сақтандыру шотына аударады. Сондықтан күдікті қоңырауларға жауап бермей, жеке ақпараттарыңызға сақ болыңыздар.