Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда кәсіпкер жатақхана орнына элиталы үй салған

Павлодарда кәсіпкер жатақхана орнына элиталы үй салған. Қазір жоғары оқу орны мен инвестор соттасып жатыр. Студенттер үйін салам деп жер телімін жалға алған кәсіпкер оны басқа мақсатқа қолданыпты. Ақыр соңында 700-дей студент далада қалды. Мәселенің мәнісін тілшіміз біліп келді.

 Бұл нысанның әу баста қазығы жатақхана ретінде қағылған. Сол үшін қаланың қақ ортасынан 4 жыл бұрын жер телімі берілді. Алайда, пандемия уақытында қаржының жоқтығынан құрылыс тоқтап қалған. Соны желеу еткен инвестор нысанды жарым жартылай жекеге жіберген. Ал кәсіпкер ол жерге жатқанхана емес, элиталы үй тұрғызыпты.

Серік ІЛИЯСОВ, Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Университет Жоғарғы сотқа Павлодар облыстық сотының шешіміне кассациялық шағым дайындап жатыр. Қазір жатақханадағы 700 орынға қажеттілік бар. Бұл тапшылықты азайту үшін университет Павлодар қонақ үйі және жатақханасымен 600 орынға меморандум жасады.

Кәсіпкер ол жерге тұрғын үй салу үшін әкімдіктен ешқандай рұқсат алмаған. Жердің нысаналы мақсатын да өзгертпепті. Қазір кәсіпкерге шара қолдану үшін құзырлы органдарға хат жолданды.

ҒАЛЫМБЕК РАХИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінде Павлодар қаласының әкімдігіне жердің пайдалану мақсатын өзгерту туралы өтініш түскен жоқ. Сонымен қатар «Заман Альянс» ЖШС университет пен қала әкімдігіне ескертпестен бой көтерген ғимараттары бар жер телімін жалға беру құқығын сатып жібергені анықталды.

Қалада студенттерге арналған жатақхана тапшы. Бір ғана мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орнының 700 шәкірті баспана таппай далада жүр.