Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай маңында геоглифтер табылды

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2016
  • 2707

Тылсымға толы Тобыл өңірінде тағы геоглифтер табылды. Көне белгілер Қостанай қаласынан он шақырым жердегі атырапта жатыр. Құпия өрнектерді «Торғай дисковери» жобасының жетекшісі Дмитрий Дей спутник түсірілімі арқылы анықтаған.

Тобыл төсінен табылған геоглифке «Қостанай тетрагоны» деген атау беріліпті. Көктен ғана көрінетін көне белгінің солтүстік жағы 171 метрді құраса, бүйірі 137 метр. Тылсым өрнек қола дәуіріне тиесілі. Ғылыми-зерттеу жоба мүшелері, ежелгі архитектуралық құрылыс салт-жоралғыға байланысты салынуы мүмкін, деген болжам жасап отыр.

Дмитрий Дей, «Turgai Discovery» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:

Біздің болжам бойынша, бұл нысандарды күнтізбе ретінде ата-бабалары салған. Сосын ұрпақтары жалғастырған. Тіпті күннің шығуын, батуын зерттеу үшін салған болар. Немесе шамандардың күнмен тілдесіп, тайпа көсемдеріне ақыл кеңес беретін орыны болуы мүмкін.

Айта кетейік, 2007 жылы Қостанай тұрғыны Дмитрий Дей алғаш рет Торғай атырабында шоғырланған жетпістен астам геоглифтерді тауып, қазақ даласына әлем назарын аударды. АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі суретін жариялап, шетелдік басылымдар жарыса жазды. Қостанай маңынан табылған көне геоглифтер де көпшіліктің қызығушылығын тудыруы тиіс, - дейді  жоба жетекшісі.

Заңғар САНАЙ