Русский Сайттың толық нұсқасы

Үш жарым жасар Айлиннің анасын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз сотқа түсті

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2016
  • 5301

Павлодарда қызын аяусыз ұрып-соққан Нұргүл Докуова ата-аналық құқынан айырылуы мүмкін. Қалалық білім бөлімі сотқа осындай талап-арыз түсірген.  Енді Нұргүл Докуоваға қатысты азаматтық істі жасөспірімдер ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот қарайтын болады. Алғашқы тыңдалым қарашаның 15-не белгіленген. Білім бөліміндегілер балабақшаға барып жүрген сәбидің анасымен кездесуін қаламай отыр. Шенеуніктердің пікірінше, Нұргүл Докуова арнайы дайындалған кесте негізінде ғана қызымен жолыға алады. Бұл кездесулер Айлиннің әкесінің келісімімен жүзеге асатынын да ескерті.

Орынбасар Темірболатова, Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Балабақша аумағы - кездесулер ұйымдастыратын жер емес. Сондықтан бұл ретте анасының мекемеге келмеуін сұрап, мәселе көтердік. Бақшаның өз жұмыс кестесі бар, бала дұрыс тамақтанып, тынығып, ұйықтауы керек. Серуені бар дегендей. Сол себепті, анасының ол жаққа бармауы дұрыс деп санаймын. 

Анасынан таяқ жеген Айлиннің тағдыры елді дүр сілкіндірді. Сұмдық бейнежазбаны әдейі түсіріп, балғынның әкесі мен ата-әжесіне жіберген. Полицейлер 34 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғады. Нұргүл Докуова бұл әрекетін «ауыр эмоциялық қысымнан» жасадым деп, көпшіліктен кешірім де сұраған болатын. Алайда, қорғаушылық органы тиісті тексеруден кейін бүлдіршінді әкесі Ермұрат Қасымовтың қамқорына беру туралы шешім шығарды. 3 жастағы Айлиннің тағдырын енді сот шешетін болады.