Ақмола облысының Жарқайың ауданына қарасты Үшқарасу ауылында екі апталық карантин жарияланды. Облыстық СЭС департаментінен аудандағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде істейтін жұмысшылардан жаппай "Сібір жарасы" індетіне күдіктену оқиғалары тіркелгені туралы хабарлама түсуіне байланысты осындай шешім қабылданыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Кәсіпорын директорының айтуынша оның басқаруындағы серіктестіктің 32 бірдей ірі қара малы арам өлген. Өлген малдың еті жойылып комиссиялық түрде тәркіленген. Ал Есіл аудандық арухананың жұқпалы аурулар бөліміне 12 адам жатқызылғаны анықталған.
Ақмола облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше ауру белгілері табылған адамдармен жақын қатынаста болған тағы 22 адам анықталып, олар Жарқайың орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Клиникалық және зертханалық зерттеу нәтижелерімен науқастарға "Сібір жарасы" диагнозы қойылған.
"Қазіргі уақытта науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Дезинтоксикациялық және антибиотикалық терапия жүргізілуде. Санитарлық қызметпен эпидемияға қарсы шаралар өткізіліп жатыр. Аудандық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды", - дейді Ақмола облысының ветеринария басқармасынан.
Қазіргі уақытта ауру ошағы тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестікте толықтай дезинфекциялық шара жүргізілген. Оқиға орнында денсаулық сақтау, СЭС, ветеринарлық бақылау комитеті аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасы қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс жүргізуде. Ертең Үшқарасу ауылында толықтай карантин жарияланбақ. Жұқпалы індет ошағын жою шаралары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімімен Үшқарасу ауылында ауыл шаруашылығы тауарларды шығаруға шектеу үшін бекеттер қойылған. Ауылға кіреберіске полиция жасақтары қойылып, елдімекеннен кірген және шыққан автокөліктер тіркеліп жатыр.
"Тұрғындар мен БАҚ-на тексерілмеген мәліметтерді жарияламауын өтінеміз. Жағдай жауапты мемлекеттік органдардың бақылауына алынған", - дейді Ақмола облысының ветеринария басқармасынан.