Русский Сайттың толық нұсқасы

Динара Зәкиева заңға бала жәбірлегендерді жазалайтын арнайы бап енгізуді ұсынды

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2023
  • 753

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент өз Жолдауында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудағы маңызды міндеттерді айқындады. «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін». «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек». Бұл неліктен маңызды? Бүгінгі таңда заңнамада күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты әрекеттердің БАРЛЫҚ нысанын қамтитын, олар үшін жауапкершілікті көздейтін жеке баптар жоқ. Құқық қорғаушылар жауапкершілікке тарту үшін барынша сәйкес келетін баптарды қолдануға мәжбүр. Осыған байланысты, біз қарау және талқылау үшін әзірленіп жатқан шаралардың қатарына қылмыстық кодекске жазаны қатаңдата отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты іс-әрекеттердің барлық нысандарын қамтитын «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық» бабын қосуды маңызды деп санаймыз» деп атап өтті Динара Зәкиева Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, мысалы, сауда орталығында баланың бетінен теуіп жіберген адамға «Бұзақылық» бабы қолданылған.

ҚР ӘҚБтК-дегі «Ұрып-соғу» бабы балаларға іс жүзінде қолданылмайды.

Қатыгез қарым-қатынас үшін қолданылатын, әйтсе де жауапкершілігі іс-әрекетке сәйкес келмейтін «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау«атты ҚР ҚК 140-бабы тәрбиешілер мен ата-аналарға ғана көзделген.

Тағы бір мысал, өгей әкесі баланы ұрып-соғып, бала ауруханаға, содан соң кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түсті. Өгей әкесінің бостандығы ғана шектелді, яғни ол сол күйі үйінде тұра береді. Бұндай жаза сондай әрекет жасаған адамға лайықты жаза емес.

«Сондай-ақ, тараптардың татуласуын, сондай-ақ азаптауға, зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне, балаларға қатыгездік танытуға қатысты қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрін алып тастауды қарастырған жөн. Қатыгездік танытқаны үшін жаза тағайындалмауы көбінесе одан да ауыр қылмыстарға әкеп соғады. Мұндай әрекетті жасаған адам жазаның қатал екенін білуі керек. Бұл ретте балаларға қатыгездік таныту, оларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты іс-әрекет жасағандардың барлығын психологиялық көмек курсын өтуге міндеттеу керек. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтауда, олармен жұмыс істеуде психологтар басты рөл атқарады. Бүгінде 13 облыста мектептердің психологиялық қызметтерін оқытумен, үйлестірумен, сапасымен айналысатын психологиялық қолдау орталықтары жоқ. Осыған байланысты ҚР Президентінің Жолдауына сәйкес білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту бұл мәселені шешеді» дейді омбудсмен.

Динара Зәкиеваның сөзіне қарағанда бүгінде зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасы жоқ.

Ата-аналар адвокат, заңгерлік кеңесті өз бетінше іздеп жүр.

Бірыңғай сенім телефонын құру зорлық-зомбылықтың алдын алу мен анықтаудың негізіне айналады, әлемдік тәжірибеде бұндай телефон – ең тиімді құралдардың бірі.

Әр бала кез келген сәтте көмекке жүгіне алатын нөмірді жатқа білуі керек. Бұл бойынша Президент тапсырмасымен ҚР ЦДИАӨМ-мен жұмыс жүріп жатыр.