Русский Сайттың толық нұсқасы

"Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады",- Президент

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2023
  • 1135

"Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Мемлекет басшысы бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында да нақты айтқанын жеткізді.

"Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз", - деді Президент.

Айтуынша, ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.

"Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.
Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.
Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.
Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды", - деді Мемлекет басшысы.