Русский Сайттың толық нұсқасы

«Фермерлер 3 жылдан бері субсидияны уақытында алмайды», - Е. Саиров

Фермерлер 3 жылдан бері субсидияны уақытында ала алмай жүр. Биыл шаруаларды қолдауға берілетін көмек 5,4 процент аз бөлінген. Соның салдарынан 20 процентік несие алуға мәжбүр болған. Бұл олардың қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырған болатын. Бүгін Мәжілісте депутат Ерлан Саиров ауыл шаруашылығы саласы өте күрделі жағдайда тұр деді.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тек Ақмола облысы бойынша 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысы бойынша 1600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы былтырғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған.

Ал Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов елдегі ең көрікті жердерден айырылып жатырмыз деп дабыл қақты. Кәсіпкерлер рұқсат берілмеген жерге қонақүй, дәмхана салып жатқан көрінеді. Олардың бірде-біреуінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағаз жоқ. Осылай жалғаса берсе, табиғаты тамаша жерлер ұстағанның қолында кетеді – дейді депутат. Сол үшін арнайы комиссия құрып, кешенді тексеріс жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Мемлекет басшысының Жолдауында да туризм саласындағы түйіткілдер айтылған еді. Президент жүйелі жұмыс істеуді тапсырды.

Данияр ҚАСҚАРАУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист келген. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр.