Русский Сайттың толық нұсқасы

"Басшылар рингке шығарғысы келмеді": Мұхтархан Ділдәбеков Сиднейде әйгілі Рубалкабаны қалай жеңгенін айтты

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2023
  • 729

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков кубалық алып Алексис Рубалкабамен өткен жекпе-жекті еске алды. Бұл туралы Beren YouTube жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сидней Олимпиадасының ширек финалында аса ауыр салмақта сынға түсетін Ділдәбеков өзінен әлдеқайда ірі Рубалкамен қолғап түйістірді.

"Алексис Рубалкабамен Олимпиадаға дейін екі рет кездестім. Бір рет Кубада, бір рет Қарағандыдағы Ғалым Жарылғапов турнирінде жұдырықтастық. Кубадағы кездесу әлі есімде. Оның бойы 2 метр 6 сантиметр. Менің бойым - 1 метр 97 сантиметр. Шаршы алаңда күтіп тұрсам, сондай алып адам келе жатыр. "Мынаумен қалай бокстасам", - деп ойладым.

Ірілігі сонша, рингтің үстінен аттап өтсе салды. Сол кезде түртіп, қашып жүріп жұдырықтастым. Өзімнің құлаштап соғатын соққымды көрсетпедім. Оны көрсетсем, Олимпиадаға дейін мені жаттап алуы мүмкін. Кейін Қарағандыдағы турнирде жолықтық. Өз үйімде өтіп жатқан соң, мен де арқаланып алғанмын. Жақсы бокстастық, бірақ раунд тез бітіп қала береді. Сөйтсем, жарысты ұйымдастырған ағаларымыз мені аяп, раундты мерзімінен бұрын аяқтап тастап отырған екен (күлді). Бұл кезде де жеңілдім. Үшінші рет Сидней Олимпиадасында кездестік. Менімен шығардың алдында Рубалкаба германиялық боксшыны бірінші раундта сұлатып тастады. Дәрігерлер рингтен зембілмен алып кетті. Содан қорықты ма, келесі күні маған команданың басшылары келіп тұр.

"Сен Рубалкабаға қарсы шықпай-ақ қой, келесі Олимпиадаға дайындаласың", - дейді. "Не үшін?", - деп түсінбей жатырмын. Олар кубалықтың ірі әрі соққысы ауыр екенін көріп, мені жеңіледі деп ойласа керек. Оның үстіне, алдыңғы боксшыны нокаутпен жеңгені де әсер еткен. Мен келіспей, онымен қалайда кездесетінімді айттым. Әлі есімде, мен шығып келе жатсам, залдағы жанкүйерлер "ноууу" деп шуылдап кетті. Екеуміздің дене бітіміміз екі түрлі, одан қалса, германиялық боксшыны нокаутпен жеңгенін олар да көрді ғой. Бірақ сол кездесуде бар күшімді салып жеңіп кеттім", - деді Ділдәбеков.