Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардың меншігінде қанша яхта мен ұшақ бар екенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта елімізде келесі қымбат тауарлардың импорты тіркелді: 0,70 литрі 5 995 968 теңге тұратын «MACALLAN 50YO» вискиі және ликер-арақ бұйымдары (акциздің сомасы – 714 теңге), 3 литрі 4 225 131 теңгеге бағаланатын «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньягі (акциздің сомасы - 300 теңге), 0,75 литрі 888 929 теңге болатын «Сhateau Petrus» шарабы (акциздің сомасы - 26 теңге) әкелінді. Сондай-ақ, 15 данасы 143 100 теңге болатын «Cohiba» сигаралары, 40 данасы 120 000 теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді», - деп Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің консультативтік құжатында деректер келтірілген.
Сонымен бірге, онда қазақстандықтардың иелігенде қанша жеке яхта мен ұшақ бар екені де көрсетілген.
«Яхталар мен жеке ұшақтар шектеулі адамдар тобында ғана бар. Жеке тұлғалардың меншігінде – 490, ал заңды тұлғалардың меншігінде 176 яхта, жеке тұлғалардың меншігінде 248 ұшақ, заңды тұлғалардың меншігінде 665 ұшақ бар», - делінген ведомство ақпаратында.
Осыған байланысты құжатта: «Халықтың бай топтары халықаралық тәжірибеге сәйкес бағалы тауарларға көбірек салық төлеуі керек» деп жазылған. Атап айтқанда, бұл мәселенің шешімі ретінде сән-салтанат салығын енгізу ұсынылып отыр.