«Анашым, мен мектепке барғым келмейді. Мені ол жақта ренжітеді. Ұрып, бетіме түкіреді. Кешір, мен сені жақсы көремін». Алматы облысы Бесағаш ауылында оқушы дәл осылай деп хат жазып, өз-өзіне қол салмақ болған. Дәрі жұтып, о дүниеге аттануға даяр болған бала қандай қорлық көрді? Ал мектеп әкімшілігі бұған не дейді? Директор баланың анасына ақша ұсынғаны рас па? Әріптесіміз Мөлдір Жақан тараптарды тыңдады.
Биылғы оқу жылы 9 жасар Саят үшін сәтсіз басталды. Төртінші сыныптың табалдырығын аттаған оқушы құрдастарынан зәбір көргенін айтады. Сыныптастары адам айтса сенгісіз сорақы әрекеттерге барған көрінеді. Ұрып-соғып, тұншықтырған. Шашын кескілеп, киімдерін жыртқан. Соңғы рет, тіпті, дәретханаға салған кәмпитті жегізіп, мазақ еткен. Сөзінше, мұндай әрекет 2 жылдан бері жалғасып келеді. Ақыры шыдамы таусылған бала дәрі жұтып, өзіне қол салмақ болған. Абырой болғанда, оқушы аман қалды.
Әсем БЕҒАЛИЕВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
Үйге келсем, балам есінен адасқандай мең-зең екен. Дереу ауруханаға бардық. Асқазанын шайып, қажетті ем-дом қабылдадық. Қазір баламның психологиялық күйі нашар. Оның зәбір көріп жүргенін қанша айтқанмен, мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбады. Қорлық көрсеткен балалардың ата-аналары болса өзіме арыз жазбақшы.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Жеткіншекке қатысты сұмдық оқиғалар дәл осы мектеп қабырғасында болған деседі. Алайда білім ордасының қызметкерлері мұны жоққа шығарып, өздеріне шаң жуытар емес. «Айтылған шағымдар шындыққа жанаспайды» деп отыр.
Зәбір көрген оқушының анасының сөзінше, мектеп директоры оның аузын жаппақ болып 200.000 теңге көлемінде ақша ұсынған екен. Бірақ директордың өзі мұны мойындамайды.
Назым СӘРСЕНБАЕВА, № 29 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Мүмкін емес. Ақша ұсынған дегенді естімеппін. Ол жағдай дәлелденбеді. Ата-ананың айтқанының да дәлелі болмай тұр. Ондай жағдай болса, біз еститін едік. Себебі, камерадан да көріп тұрсыз, баланың кабинеті дәл дәретхананың қасында. Сондықтан да оны байқамау мүмкін емес еді.
Бұл оқиғаға қатысты ҚК-тің 105-бабы, 3-бөлігі бойынша іс тіркелді. Сондай-ақ арнайы жұмыс тобы құрылды. Облыстық білім басқармасының өкілдері келіп, мектептегі жағдайдың мән-жайымен танысты.
Гүлсара ИСАҒҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мектепке міндетті түрде тексеріс жүргізіледі. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды. Бала арасындағы жанжал, төбелес болған шығар. Бірақ бұл жағдайдың бәрі зерттеледі. Және осындай жағдайға жеткізгені үшін тиісті адамдар жазаға тартылатын болады.
Мемлекет басшысы Жолдауда мектептегі буллинг мәселесін назардан тыс қалдырмаған еді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.
Қазір Саят психологпен тығыз жұмыс істеп жатыр. Оған әлі оңалтудан өту қажет. Церебральды сал ауруына шалдыққан екінші баласы бар жалғызбасты ана Әсем Беғалиева ұлын жақын арада басқа мектепке ауыстырамын деп бел буып отыр.