Базар бағамы ырыққа көнер емес. Күннен күнге өсіп жатыр. Жұрт бұған наразы. әсіресе, еттің құны шарықтап тұр. Мұны ауыздықтауға болмай ма дейді. Ал Үкімет бағаны реттеуге тырысып жатқандарын айтады. Неге нәтиже жоқ? Аймақтардағы тілшілеріміз тұрғындармен тілдесті, сатушылардың уәжін тыңдап, сұраққа жауап іздеді.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Қарағандыда соңғы бірнеше айда әсіресе, ет және сүт өнімдері мен қант, астық пен көкөніс 5 тен 15 пайызға дейін қымбаттаған. Күнделікті тұтынылатын әлеуметтік тағамның 19 түрінің бағасы өсті.
БЛИЦ-ОПРОС:
- Көбінесе ет жағы, сосын мынау қантқа байланысты тағамдар қанттан жасалатын тағамдар, сүт тағамдары жақсы қымбаттады. Біріншіден халықтың әлеуметтік жағдайын қарастыру керек. Қазір жалақы көтерілсе баға көтеріліп кетеді. Бұл түсініксіз нәрсе, негізі бағаны реттек керек.
- Жеміс- жидектер қымбаттады, күнделікті алып жүрген заттар, бәрі қымбаттаған. Ең қажетті ет, сүт өнімдеріне пайдалы солардың бағаларын бірқалыпты ұстаған дұрыс деп ойлаймын.
Бүгін азық- түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі үкімет отырысында қаралды. Премьер –Министр Әлихан Смайылов бағаны тұрақтандыру және тамақ өндірісін ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР- МИНИСТРІ:
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің экономикалық өсімін орта мерзімді кезеңде 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктер үшін маңызды міндет. Осы ретте, барлығымызға экономиканың негізгі бағыттарында және өңірлерде тиісті өсімді көрсету үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Министрліктер мен өңірлер өздеріне қарайтын экономика салаларында ай сайынғы орнықты өсімді қамтамасыз етуі тиіс».
Қарағанды облысында ет – сүт өнімдерінің шаруашылығы баршылық. Алайда сонда да баға өсе береді,- дейді сатушылар. Ол жанар- жағармай, жем- шөптің бағасына тікелей байланысты.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Сондықтан қаптаған супермаркеттер мен дүкендердегі баға әртүрлі. Әр кәсіпкер өз бағасын қояды. Ауыл шаруашылығы басқармасы жергілікті жерде сиырдың төс етінің бағасын ғана бақылай аламыз,- дейді. Ол шамамен- 1500 теңге. Алайда біз сөрелерден 1500 теңгенің етін көрмедік. Оңтүстік өңірде базар бағамы қандай? Әсіресе, еттің құны қалай боп жатқанын әріптесім Айзада Төребекқызы айтады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін ет Шымкентте де қымбат. Жылқының сүйекті еті- 3200 теңге. Ал сан еті -4 мың теңгеден сатылып жатыр. Қазының келісі де тура сондай, 4 мың теңге. Сиыр еті сүйегімен-2700 -3300 теңгенің аралығында. Ет сатушылар көктеммен салыстырғанда бағаның сәл де болса арзандағанын айтады.
Рахила ҚАЙЫПОВА, САТУШЫ:
Баға көтеріліп кеткен еді, қазір бір 30 теңге ма түсті. Үш күн ба, төрт күн болды. Қазір етті 2800-ден сатып жатырмын, 2700-ден де беріп жатырмыз. Қазір адамдар айтып жатыр көбінесе Ташкентке артылып кетіп жатыр деп жатыр малды. Содан көтеріліп кетіп жатыр етіміз қайта. А так нормально әкелініп жатыр ет.
Алайда, алушы аз. Ет алып жүрген бірен-саран ғана адам бар.
БЛИЦ-ОПРОС:
- 4 мыңға қазы алдым. Ол қолжетімді баға сияқты деп ойлайм мен.+Қазақ ет жейді ғой қай уақытта да, онсыз болмайды. Еті семіз жақсы екен.
- Қымбаттау әрине, бірақ айына бір зейнетақы алған кезде алып қоямыз. Жоқтан құдай сақтасын. Ақшамызға алатын еттің барына шүкір дейміз. Қазыны үш айда бір алып жеп тұрамыз. Ет асқанды жақсы көреміз. Қонақ келгелі жатыр қазір соған ет асайын деп жатырмыз.
Ал қой етінің бағасы бір жылдан бері өзгеріссіз дейді алып сатушылар. Жақында елу теңгеге ғана арзандаған. Бірақ сұраныс оған да өте төмен көрінеді. Бұрындары күніне бес-алты, тіпті он қойға дейін сататындар соңғы уақытта екі –үш қой сатқанға қанағат тұтады.
Гүлнара АТАМҚҰЛОВА, САТУШЫ:
Оптовый бағаның өзі бағасы түсіп жатқан жоқ бізге. Мысалыға қымбат аламыз. 2300- ден аламыз, 2,5 мыңнан сатамыз, 2400 ден сатамыз. Қара халық мүлдем алып жатқан жоқ, сөздің ашығы керек. Қымбат деп кетіп жатыр. Содан кейін айлықтары да аз. Пенсионерлердің де алатыны аз болған соң шығар келмей жатқандары.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Саудагерлер негізгі тұтынушылар- зейнеткерлер екенін айтады. Айына бір зейнетақы түскенде келіп, сауданың көркін қыздырады дейді.