Балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерді өмір бойына бас бостандығынан айырып, медициналық кастрация жасау керек. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев осындай ұсыныс айтты. Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2 мыңға жуық қылмыс тіркеледі. Ал күн сайын, кемінде 6 оқиға болады. Бұл – ең сорақы статистика. Олардың арасында өгей әке мен шешеден зорлық көргендер көп. Мұндай жағдайдың жиілеуіне әлеуметтік қорғау саласында жүйелі жұмыстың жоқтығы әсер етіп отыр. Депутат қазір басты назарды бала құқығын қорғау тақырыбына аудару қажет дейді.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді.
Ал, мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жаңадан құрылған Абай облысында медицина саласының ақсап тұрғанын айтты. Тозығы жеткен ғимаратты былай қойғанда, азаматтардың емханаға қаралуының өзі азап. Кезек пен квотаны, кемінде,2 ай күтеді. Өйткені ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Семейліктер дәрігердің қарауына аптасына бір-ақ рет кіре алады. Бұл халықтың уақытылы емделуіне кедергі келтіріп отыр.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Семей полигонынан зардап шеккен облыстағы аудандардың экологиялық коэффициенттері басқа экологиялық аймақтарға жататын өңірлермен салыстырғанда төмен. Мысалы, Абай облысының қалалары мен аудандарындағы экологиялық коэффициенттер Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы, Байқоңыр қаласындағы экологиялық коэффициенттерден төмен. Бұл облыстағы медицина қызметкерлеріне тиісті үстеме ақы алуға мүмкіндік бермейді.