Русский Сайттың толық нұсқасы

"Бұл менің еңбегімнің бағаланғаны шығар",-"Еңбек жолы" байқауының жеңімпазы

Елордада "Еңбек жолы" байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Байқауға 80-ге жуық өтінім түскен. Олардың ішінде адам жанына араша түсетін ақ халатты абзал жандар мен құрыш қол құрылысшылар, ұстаздар мен қоғамда маңызы зор өзге де мамандық иелері бар. Сан саланың майталмандары қатысқан сайыста кімнің бағы жанды? Сүндет Оралбеков толығырақ айтады.

"Еңбек жолы" байқауы 2016 жылдан бері өтеді. Осы уақыт ішінде талай маманның ұзақ жылдар бойы төккен тері мен еткен еңбегі еленді. Конкурс жеңімпаздары "Үздік еңбек әулеті", "Жас маманның тәлімгері", "Өндірістің үздік жас маманы" номинациялары бойынша марапатталды. Білгенін балаларға үйретуден жалықпаған Гүлзия Иманбаева "Жас маманның тәлімгері" аталымында үздік деп танылды.

Гүлзия ИМАНБАЕВА, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Өзімнің 25 жыл стажымдағы жас мамандармен жасаған жұмысымды, жетістіктерімді жолдай отырып өтінім тапсырдым. Енді, тамаша, әрине. Мұндай үлкен сайыстардың куәгері, иегері болғанның өзіне сөз жоқ. Қуанышымда шек жоқ. Енді бұл дегеніңіз менің еңбегімнің бағаланғаны шығар.

Доданың басты мақсаты -жастарды еңбекке ынталандыру және қоғамға еңбегі сіңген жұмысшыларды танымал ету, дейді ұйымдастырушылар.

Ерлан ИСМАҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл байқау жылда өткізіледі. Жеңімпаздарды комиссия мүшелері белгілі бір ерекшеліктеріне қарап таңдайды. Мысалы, "Үздік еңбек әулеті" номинациясын "ҚТЖ" АҚ-ның жұмыскері жеңіп алды. Ол әулеттің жалпы жұмыс өтілі 800 жылға жуық. 26 адам темір жол саласында еңбек еткен.

Жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Жүзден жүйрік шыққандар енді Республикалық кезеңде бақ сынайды.

Ақмади САРБАСОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Еңбек күні қарсаңында еліміздің барлық қаласында түрлі іс-шаралар, мерекелік концерттер өткізілуде. Оның ішінде "Еңбек жолы" республикалық байқауын атап айтқан жөн. Өңірлік сайыста үздік деп танылғандар енді республикалық додаға жолдама алды. 24 қыркүйек күні жеңімпаздарды марапаттайтын боламыз.

Байқау барлық өңірде өткізілді. Республикалық кезеңге 50-ден астам өтініш түскен. Оның тоғызы ғана жеңімпаз атанады.