Русский Сайттың толық нұсқасы

Қуаңшылықтан шығынға ұшыраған жамбылдық шаруалардың шығыны өтеледі– Смайылов

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2023
  • 836

Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов Жамбыл облысында қуаңшылық салдарынан егіс алқаптары қурап қалып, шығынға батқан шаруалардың шығыны өтелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет басшысы өңір әкімдігі мен қаржы министрлігіне зардап шеккен егістік алқап иелерінің шығынын тез арада ретке келтіруді тапсырды.

"Біз бүгін Жамбыл облысының шаруаларына шығынды өтеу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулы қабылдаймыз. Қаржы министрлігі мен өңір әкімдігі облыстың зардап шеккен егіншілеріне төлемдердің тез арада жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс", – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Смайылов ауа райы тұрақты болып тұрғанда, егін жинау науқанына шұғыл кірісу керектігін айтты. Бұл жұмыстарды тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді.

"Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек", — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, министр Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолы компаниясы астық таситын вагондармен уақытылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауы тиіс екенін айтты.

"Біздің міндетіміз – егінді сапалы жинап алуды қамтамасыз ету", – деді ол.