Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл еліміздің шығысы мен солтүстік облыстарда жылу маусымы ерте басталуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2023
  • 821

Еліміздің кейбір өңірлерінде жылу маусымына дайындық мардымсыз. Жезқазған Жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталмаған, ал №9 қазандықта жұмыстардың небәры 4 пайызы ғана орындалған. Премьер-министр Әлихан Смайылов өңір әкімдері мен Энергетика министрлігіне күнделікті мониторинг жасауды тапсырды. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты солтүстік және шығыс өңірлерде жылу маусымы жылдағыдан ерте басталуы мүмкін.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде. Сонымен қатар, жылыту маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатынын ескерсек, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеу керек.

Естеріңізде болса, Екібастұз қаласында былтыр қақаған қыстың ортасында апат болып, халық жылусыз қалды. Биыл сондай олқылықты болдырмас үшін жан-жақты жұмыстар атқарылды. Маңғыстау облысы, Ақтау, Жезқазған қалалары ерекше бақылауға алынған.

Жандос НҰРМАҒАНБЕТОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Ақтау қаласындағы жағдай алаңдатады, нақты айтқанда МАЭК бойынша мәселе әлі де бар. Теміртаудағы №2 жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кешігіп жатыр. Екібастұзда жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Онда биыл мәселе туындамайды деп ойлаймыз.