2027 жылға дейін 1,5 миллион жас жұмыспен қамтылады. Бұл «AMANAT» партиясының ықпалымен жүзеге аспақ. Қазір елдің түкпір-түкпірінде "Жастарға жұмыс" жобасы ұйымдастырылуда. Алғашқы нәтижелер де байқалады. Бағдарламаның игілігін көрген жастар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан.
Атыраулық Әнел Зинуллинаның мамандығы – экономист. Биыл оқуын аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Арманы – асқақ. Дегеніне жету үшін жұмыстың жоқтығы қолбайлау болған. Кейін «AMANAT» партиясы ұйымдастырған жәрмеңкеге барып, түйіндемесін таратқан. Нәтижесінде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналастым – дейді.
Әнел ЗИНУЛЛИНА, ЭКОНОМИСТ.
Оқу бітіргеннен кейінгі мақсатым «қандай жұмысқа орналасамын?» деген ойда болып жүрдім. Сосын осы «AMANAT»партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар Қанаты Атырау облыстық филиалынан өткізілген жәрмеңкені көрген болатынмын. Бұндай жәрмеңкелер өз мамандығын бойынша тез жұмысқа кіріп кетуге үлкен мүмкіндіктер береді.
Қостанайлық Егор Савин де жоғары оқу орнын биыл тәмамдаған. Техниканың тілін жітік меңгерген маман алғашында жұмыс таппай біраз сандалыпты. Біраз уақыт өткеннен кейін партияның жобасы туралы естиді. Бірден әрекет жасап, қазір берекетін көріп отыр.
Егор САВИН, "MARKETING GID" ЖШС ӘКІМШІСІ:
Жұмыс іздедім. Бәрінің оқу бітіргеннен кейінгі мәселесі – жұмысқа орналасу. Бұл тақырып маған өте таныс. Менде қатты алаңдадым. Қандай жұмысқа тұрамын, не істеймін деп. Қазір мамандық бойынша қызметтемін. Айлығым өзіме жетеді. Жұмысым ұнайды. Көп нәрсе үйреніп жатырмын.
Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық аймағында өткізілді. Жастар баспана алу мен емделуден бастап, бизнес ашу және жұмысқа орналасу секілді барлық мәселе төңірегінде қажетті кеңестер алды. Жәрмеңкеге Халықты жұмыспен қамту орталықтарының, «Отбасы банкі» АҚ, медициналық сақтандыру, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейдегі банктердің мамандары қатысты.
Серік МАНАСБАЕВ, «AMANAT»ПАРТИЯСЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жастарға жұмыс жобасы Қостанайда да қолдау тапты. Жұмыс жәрмеңкесін қаланың қақ ортасында өткіздік. Ол жерге жұмыс берушілерді жинадық. 15-тен астамы келіп, көмек көрсетті. Тіпті, дәл сол жерде жұмысқа орналасқан жастар да болды. Бұдан бөлек, бастаушыларға берілетін грант туралы әңгіме өрбіттік. Көмектер туралы айтылды.
«Жастарға жұмыс!» жобасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдікпен несие беру, тау-кен өнеркәсібінде жаңадан 2 мың жұмыс орнын ашу, жас мамандарды IT дағдыларына оқыту үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы да басқа игі бастамалар қарастырылған.