Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жастар - еліміздегі оң өзгерістердің басты жолсерігі", - Д. Кәрібек

"Жастар - еліміздегі оң өзгерістердің басты жолсерігі". "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек осылай деді. Ол Алматы облысында өтіп жатқан жастар саяси лагеріне қатысты. Өз сөзінде Мемлекет басшысының жастарды қолдау мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті.

"Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім". Дәл осындай атаумен өтіп жатқан лагерьдің екінші күні аяқталды. Бүгін "Bir tolqynda" атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Алатаудың баурайында бас қосқан 300-ге жуық қатысушы жастар қозғалыстары арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық байланысты дамыту перспективаларын талқылады. Павлодар облысынан келген қатысушы Бәкіжан Кәкім аз уақыттың ішінде жаңа таныстықтар, тың идеялар мен жоспарларға ие болғанын айтады.

Бәкіжан КӘКІМ, ҚАТЫСУШЫ:

Күні кешеден бері өтіп жатқан біраз іс-шараларға қатыстық. Ол квесттен басталды. Одан кейін жақсы-жақсы отырыстар өтті. Тамаша спикерлер келіп қатысты. Өзімізді мазалаған сұрақтарды да қойдық. Нашақорлық мәселесін де көтердік, оның үстіне лудомания, тағысын тағы. ШЫҰ-ға төрағалық етіп отырмыз. Осы тұрғыда бұл мәселелердің барлығын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көтерген болатын.

Лагерьге көршілес мемлекеттердің де белсенді жастары қатысып жатыр. Шетелдіктер бұл шараға жоғары баға беріп отыр. Тәжікстан Жастар одағы аппаратының басшысы Фаридун Хусензода Қазақстанға алғаш рет келген. "Бұл лагерь өзара тәжірибе алмасу үшін тамаша мүмкіндік",- дейді ол.

Фаридун ХУСЕНЗОДА, ТӘЖІКСТАН ЖАСТАР ОДАҒЫ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз бұл іс-шараға белсенді атсалысып жатқанымыз үшін өте қуаныштымыз. Екі ел арасындағы байланыс жастар мемлекеттік саясаты шеңберінде жылдан жылға дамып жатыр. Барлығы керемет өтуде. Жаңа ақпараттар мен жарқын эмоциялар алдық. Осындай халықаралық шаралар көптеп өтсе екен дейміз.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет, экологияны қорғауға бағытталған партиялық "Тазаlike" жобасы және мемлекеттік саясат тақырыбында оқыту сессиялары өтті. "Мемлекеттік саясат жастар үшін маңызды тақырыптардың бірі, оның қыр-сырын кез-келген азамат білуі керек",- дейді сарапшы Серік Қалқаманов.

Серік ҚАЛҚАМАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ БОЙЫНША САРАПШЫ:

Бұл семинар негізі теориядан практикаға дейін, осы мемлекеттік саясатқа байланысты әртүрлі саланы қамтиды. Осы семинарда біз мемлекеттік саясат не екенін, не үшін қажет екенін анықтаймыз және біздің тыңдаушыларға, әсіресе, бұл әртүрлі саладан келгендер үшін қызықты болатындай семинар өткіземіз.

Айта кету керек, лагерь Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Жастар Кеңесіндегі Қазақстан Республикасының төрағалығының шеңберінде өтіп жатыр.