Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Астанада Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара «Айланд» океанариумының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Мерекеге шетелдік мамандар мен белсенділер қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Толығырақ Аружан Задабек баяндайды.

Астана океанариумы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Өйткені бұл -теңізден 3 мың шақырым қашықта орналасқан әлемдегі жалғыз орын. Демалыс аумағы 2003 жылы жұмысын бастады. Қазір мұнда теңіз жәндігінің 250-ден аса түрі бар.

Арман МАХАНОВ, "AILAND" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл -океанариум ТМД елдерінде алғаш ашылған орын. Бүгінгі конференцияда шетелдік мамандар ғылыми-практикалық жұмыстағы тәжірибелерімен бөлісті. Елордалық океанариум ұжымы медузалар және өзге балық түрлерін өсіру бойынша жасалған сәтті жобаны ұсынып, гидробионттардың «шетелдік» түрлерін тасымалдау, сақтау, бейімдеу кезеңіндегі жұмыстың қиындықтары туралы айтып берді.

Теңіз суын жұрттың көбі ойлайтындай мыңдаған километр жерден тасымайды, оны океанариумда дайындайды. Ол үшін Қызыл және Өлі теңіз жағалауларынан жыл сайын 120 тонна теңіз тұзын сатып алады. Суды микроэлементтермен байытудың ең қолайлы амалы - осы, дейді мамандар.

Қуаныш САПАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің Астанамызға жыл сайын миллионнан аса туристер келетін болса, оның ішінде өткен жылдың статистикасы бойынша 250 мыңнан астамы шетелдік туристер. Астананың туризм саласын айтқан кезде біздің осы әлемге танылған океанариумды айтпай кетуге болмайды. Осы конференцияның арқасында оны одан әрі дамытамыз деп ойлаймын.

Океанариумның ең қызық бөлігі – табанына туннель тартылған негізгі резервуар. Оның ұзындығы 70 метрге жетеді, қабырғасы қалыңдығы жеті сантиметр болатын акрил шыныдан жасалған. Осы арқылы келушілер түрлі балықтар мен жыртқыш акулаларды жақыннан көре алады.

Еркебұлан СҮЙІНТАЕВ, НҰРА АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Ailand» демалыс орталығы – Астанада адамдардың жиналып, серуендеуіне ықпал ететін орынның бірі болып табылады. Өйткені, инфроструктурасы дамып жатыр күн сайын. Жыл сайын атракциондар салынып жатыр.

Жыл сайын астаналық океанариумға әлемнің 35 елінен жарты миллионнан астам адам келеді. 2023 жылдың соңына дейін теңіз мекендеушілерінің жаңа түрлері қойылған тағы 2 аквариум көрмесін ашу жоспарланған.