Русский Сайттың толық нұсқасы

"Елге қашан қайтатынымыз белгісіз". Кореядағы жас отбасы ондағы жұмыс істеудің қиындығымен бөлісті

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2023
  • 7439

Кореяда қара жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар көп. Солардың бірі - Жаннұр мен Жанат. Кореядағы жұмыс түрлері, артықшылығы мен кемшілігі туралы жас отбасымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Бір тәрбиеші бес баладан артық алмайды"

Жаннұр мен Жанаттың айтуынша, мұнда балабақшада балаларға өте қатты жағдай жасалған. 

"Біздің Кореяға келгенімізге 10 айға жуық уақыт болды. Бұл елде тұрудың ерекшелігі сол, қарапайым халыққа жақсы жағдай жасалған. Мысалы, көшелерінде тегін интернет қондырылған. Тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер өте көп. Сондай-ақ, балабақшаларда кішкентайлар үшін барлық жағдай жасаған. Қазақстандағыдай емес, бір тәрбиеші 5 баладан артық баланы қарамайды", - деді олар. 

Олардың екі жастағы қызы кәрістердің балабақшасына барады. Алматымен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан біраз айырмашылықты байқаған.

"Біз Алматыда тұрғанда қызымызды балабақшаға бердік. Ол жақта бала бейімделу үшін түске дейін алып қалатын. Ата-анасы сырттан келіп, сырттан кететінбіз. Кәріс балабақшасында басқаша. Бейімделу уақытына өте қатты мән береді. "Ата-ана мен баланы бірден айыруға болмайды" деген қағиданы ұстанғандықтан, алғашқы күндері 1-1,5 сағат қызыммен бірге жүріп, оны тамақтандырып, қасында ойнадым. Кәрістер егер бала мен ана бірден айырылса, бала көп ауырады деп есептейді. Шынында, Алматыда баламыз көп ауырған еді. Осылай қызым тез үйреніп кетті де, қазір балабақшаға  мүлдем жылап бармайды
Бұл жақта баланы бөлмейді. Білім сапаларында жоғары не төмен деген болмайды. Бәрі бір жүйемен оқытылады. Тіпті сөйлей алмайтын, тілі шықпаған бүлдіршіндер де бекітілген оқу құралдарымен оқып жатыр", - деді олар.

"Екі елдің ұқсастықтары көп"

Жаннұрдың айтуынша, Кореяда жастар 30-дан асқанда шаңырақ көтереді.

"Кәрістер кеш үйленеді, сондай-ақ, бір немесе екі артық баланы жоспарламайды. Өздерінің айтуынша, бала өсіру қымбат тұрады. Өйткені, баланы оқыту, университетке түсіру өте қымбатқа түседі екен. Сондықтан, бұл жақта  иттер мен мысықтарды асырау тиімді. Сол үшін де күшіктер асырап, солармен сөйлесіп, балалары секілді қарайды

Кемшілігіне келсек, кәрістер ұлтшыл. Қашан да, өзінің халқын жоғары қояды. Менталитет жағынан өзгешелік көп. Мәселен, қақырып-түкіру біздің елде заңмен қудаланса, мұнда тамақ ішіп отырған уақытта түкіре береді", - деді ол.

Ал Жанаттың айтуынша, ұқсастығы да баршылық. Олар салт-дәстүрге берік ұлт.

"Корея мен Қазақстанның ұқсастығы көп. Мұнда өзіміз секілді үлкендерге, ата-бабасына, ата-әжесіне құрметпен қарайды. Соған сай өздерінің мейрамдары да бар. Көбінесе 8-наурыз, 22-наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелер тойланбайды. Олар өте еңбекқор. Тағамдарында айырмашылық көп. Бізге ұнамады. Сондықтан өзіміздің тағамдарды жеуге тырысамыз. 
Алғашқы бірінші аптамыз өте қиын болды. Себебі тағамнан қатты қиналдық. Ұлттық тағамдары ұнамады,  еуропалық асхана қайда екенін білмедік. Тіпті, кері қайтып кетеміз бе деген ой болды", - деді ол.

"Алданып қалмаңыздар"

Жас отбасы Кореяға қызына және өздеріне жарқын болашақ қалыптастырып, үй алуға қаражат жинау мақсатында келген.

"Қазіргі таңда зауытта қара жұмыс істейміз. Мұнда қазақстандықтар өте көп. Әлеуметтік желілер арқылы танысып, араласып тұрамыз. Елге қашан қайтатынымыз белгісіз. Алда не болатынын да білмейміз.
Әйел адамдардың бір айдағы жалақысы 600-850 мың теңге аралығында, ал ерлер 1 000 000-1 500 000 теңге табуға мүмкіндігі бар. Жұмыс уақыты негізінен зауытқа байланысты болады. Кейбір зауыттар 12 сағат жұмыс істейді. Ал біз жұмыс істейтін зауыт 9 сағаттық болғандықтан, демалыссыз жүреміз десек болады. Кореяда әртүрлі жұмыс ұсынушы бар. Бес күндік, алты күндік жұмыстар бар. Тек таңдап қарау керек", - деді Жанат.

Олар мұнда жұмыс істеуге келем деушілерге алданып қалмауды ескертті. 

"Мұнда келем деушілерге біраз дүниені айтқым келеді. Сіздер ойлағандай Кореядағы өмір кинодағыдай емес. Барлық ситуацияға дайын болып келіңіздер. Шынайы Корея бәрібір бөлек. Мұнда өмір сүру сәл қиындау, жұмыс ауыр.

Сондай-ақ, "жұмысқа орналастырып беремін, құжаттарыңды реттеймін" деп ақша сұрайтын адамдардан сақ болыңыздар. Себебі бізге әлеуметтік желіде өте көп алданған кісілер жазады. Қазір интернет желісінің дамыған кезеңі. Содан ізденіп, тапқан дұрыс. Біз ешқандай компанияға жүгінбей, өз күшімізбен келдік. Солай келген дұрыс деп айтар едік", - деді жас отбасы.