Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда тамақтан уланғандардың бірінен сальмонеллез табылды

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2016
  • 3488

Оралда жаппай тамақтан улану оқиғасынан кейін қаладағы бургер-клубтардың көбі жабылып қалды. Ал астан ұшынғандар 27 адамға жеткен. Тексере келе науқастардың бірінен сальмонеллез инфекциясы табылды. Қалған сынамалардың қорытындысы келер аптада мәлім болады. Уланғандардың әлі де көбеюі мүмкін екені жайлы болжам айтылуда. Өйткені сол күні дәмханада тамақ көп мөлшерде дайындалған. Еркін Карин тарқатады.

Еркін Карин, тілші:

Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы дәмхананың ашылғанына жылға жуықтаса да, ешбір жерде тіркелмегенін айтады. Тексеру жұмыстары ешқашан жүргізілмепті. Ғимараттың қоғамдық тамақтану орнына лайықтап салынбағаны да енді анықталып отыр. Қызметкерлер үшін тұрмыстық бөлмелер қарастырылмаған, тіпті ыстық су да жоқ. Жеке гигиеналық тазалықты былай қойғанда, мұнда жұмыс істейтіндерде санитарлық кітапша да болмапты.

Мадениет Танауов, Орал қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасының басшысы:

Ет, фарш, жұмыртқа, қияр, помидордың бәрін базардан алады екен. Таксимен алып келеді тамақтың бәрін. Ветеринарлық құжаттары жоқ, сәйкестік сертификаты секілді ешқандай құжаттары жоқ.

Қазір денсаулығы нашарлап ауруханаға түскендердің саны 27-ге жетті. Олардың ішінде балалар да бар.

Флюра Саматова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Жұқпалы аурулар ауруханасына пациенттердің түсуі әлі жалғасуда, олардың жетеуі бала. Ең кішісінің жасы 3 жас 11 ай. Бәріне қойылған диагноз - жіті гастроэнтероколит. Жағдайлары орташа ауыр халде, құсу, лоқсу және дене қызуының көтерілуі.

Мәлика Көнекенова, науқас:

Сол кафеге барғаннан кейін қатты ауырып, екі рет жедел жәрдем шақырттым. Дәрігерлерден көмек болмады. Жағдайым одан сайын нашарлады: ішім өтті, құсып мазам кетті. Ешқашан бұлай ауырмап едім.

Қазір дәмхана жабық. Ал оның қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Егер кінәсі дәлелденсе, оған 600 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал тамақтан уланған азаматтар осындай күйге түсірген дәмхана қожайынын  сотқа бермек ниетте. Айта кетерлігі, осы оқиғадан кейін қаладағы бургер-клубтардың көпшілігі өздігінен жабылып қалған.

Еркін КАРИН