Русский Сайттың толық нұсқасы

Англияға табысы қомақты жұмысқа барамыз деп 300-ге жуық адам алданды

Шет елге барып, толағай табысқа кенелесің. Айласына құрық бойламайтын алаяқтар алты бірдей облыстың тұрғынын осылай алдап кеткен. Сан соғып қалған 300-ге жуық адам әлгі әккілерге жарты миллиард теңге жинап бердік дейді. Қомақты қаражатты алған бойда ізім-ғайып жоқ болыпты. Бармақ шайнап қалғандар енді кімнен араша сұрарын білмейді.

6 облыстың тұрғындары Англияға жұмыс істеуге барамыз деп Тараздағы «Центр трудоустройства» серіктестігіне қаржы құйған. Ең азы 300 мың теңге салған. Тіпті 2 млн теңгесін санап бергені бар. Қолдарына келісім шарттары ұстатқан. Визадан бастап, ұшақ билетінің құны, жатын жері кіреді деп сендірген. Ал айлықтары 1 млн теңгеден асады деп уәде еткен. Алданған азаматтардың қатарында Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе және Орал қаласының тұрғындары бар.

Төрежан ШЕРАЛХАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Англиядан біреумен сөйлестірді. Беседа өткізесіңдер деді. Сосын добро берсе, барасыңдар деді. Бермесе, ақшаңды қайтып береміз деген.

Назира ТАЙКИЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әлі алданып келе жатырмыз. Бүгін кетесің, ертен кетесің, арғы күні кетесің деп. Осынша халық сол алдаумен келе жатыр. Не ақша жоқ, не жұмыс жоқ! Жетіскеннен бара жатқан жоқпыз. Зарплата бізде нормальный қылып, өмір сүретіндей, жететіндей болса біздің шетелге қаңғып неміз бар?

Бауыржан АЛДАБЕРГЕНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұларға бір шара қолданбасақ, біз секілді алаяқтарға алданғандар саны арта береді. Өйткені оларға жаза жеңіл. Миллиондап, миллиардтап елдің қаржасын заңсыз қалтаға басқандарға үш жыл ғана мерзім беріледі екен. Бұл оларға жасалған жеңілдік, тіпті үлкен сый десекте болады.

Жарты жылға жуық уақыт ішінде бармаған жерлері қалмаған. Жазылған арызды «азаматтық іс» деп жылы жабады екен. Қырыққа жуық адам жиналып шу шығарған соң құрамында қылмыстық әрекеттердің бары негізге алынып, іс қайта ашылды. Адамдардан ақша жинаған компания басшына іздеу жарияланады.

Алмас САЛАМАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ТЕРГЕУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жамбыл облысында тіркелген ТОО-ның атына адамдар ақшаларын берген. Шетелде жұмысқа тұрғызу деген себебімен. Сол бойынша қазіргі таңда бізде ҚК 190-шы бабымен, ҚК тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде.

Тәртіп сақшыларының айтуынша компанияның ісі толық дәлелденбейінше тек күдікті ретінде тергелетінін айтады. Ал алдандық деген азаматтардың арызы көптігінен бұл іс көпке созылатыны анық.