Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында киік өлексесі көбейген

Батыс Қазақстан облысында киік өлексесі көбейді. Не істерін білмей дағдарған шаруалар ақбөкеннен ауру тарап, малымыз қырыла ма деп уайымдап жүр.

Ауылдықтардың айтуынша, бүгінде ақбөкендер төрт түлікпен бірге жайылып, бір жерден су ішеді. Сондықтан бір-біріне ауру жұқтыруы мүмкін. Ал әлсіреген киіктердің кейбірі қора маңына келіп құлайтын көрінеді.

Қайрат НАСИМУЛЛИН, ШАРУА:

Нағыз жайылыс уақытында осы Бөкей Ордаға келіп жайылады. Киіктен зардап шегіп жатырмыз деп екінің бірі айтады. Айналамыздағы пункттің кейбір жерлерінде 7-8-ден өліп жатқан киіктің басы. Ал ауру ма, оны ешкім де білмейді. Оны сараптап, ізденіп жатқан ешкім жоқ.

Ал мамандар бөкендердің баудай түсуін қалыпты жағдай дейді. Өйткені төрт жыл ғана өмір сүретін киіктің әлсіреп арықтауы, тіпті қартайып өлуі - табиғи құбылыс. Сала өкілдерінің айтуынша, келесі айдан бастап, Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің санын реттеу басталады. Аймақтағы ет өңдеу комбинаттары екі айда 120 мың киікті союға дайынбыз деп отыр.

Нұрлан РАҚЫМЖАНОВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Киік саны көбейген сайын, оның өлексесі де көбейеді. Бұл - табиғаттың заңы. Биыл жыл басынан 1371 бас киік өлексесі тіркелді. Ешқандай ауру белгілері жоқ деп жауап келді. Тағы бір мәселе - көптен істеп келе жатқан мал молаларының толып қалуы. Бұл да үлкен кедергі.