Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана Арландары» командасы кезекті жеңісін тойлады

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2016
  • 1768

Бүкіләлемдік бокс сериясында сынға түсіп жатқан «Астана Арландары» командасы кезекті жеңісін тойлады. Өскемен қаласында өткен жекпе-жекте «Өзбек Жолбарыстарымен» жолыққан қазақстандық клуб 4-1 есебімен жеңіске жетті. 52 келі салмақта рингке шыққан Азат Махметов Аброржон Қадыровты үш раунд қорытындысы бойынша жеңді. Келесі салмақта Асланбек Шымбергенов Махмуд Гаиповтың жігерін құм қылса, 81 келі салмақта өнер көрсеткен Арман Рысбек Шухрат Абдуллаевтың алдын орап кетті. Ал аса ауыр салмақта ел намысын қорғаған Қамшыбек ҚұнқабаевМ ирзохиджон Абдуллаевты ұпай санымен жеңіп, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Тек 60 келіде Закир Сафиуллин мен Елнұр Әбдіраимов арасында кездесу өтпей қалды. Қазақстандық спортшының рингке шықпауына байланысты жеңіс өзбек спортшысына берілген болатын. 



Алматыда дзюдо күресінен қаланың ашық біріншілігі өтті. Жыл сайын өтетін жарысқа Қазақстан спортшыларымен бірге Қырғыз елінен келген екі команда қатысты. Турнир барысында ерекше көзге түскен «Достық» спорт клубының тәлімгерлері Эдуард Ли, Нұрасыл Болат және Радион Пантелеев алтыннан алқа тақты. Аталған клуб 1998 жылы құрылған. Содан бері осы ұжымнан қатарынан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері шықты. 

Талғат Биабулин, «Достық» спорт клубының жаттықтырушысы:

Балаларды спортқа тартып, салауатты өмір салтына баулу қажет. Олардың спортқа деген құлшынысы жақсы. Спорт - денсаулық кепілі. Сондықтан еліміздің болашағы  жастарды дұрыстап тәрбиелеу маңызды.



Қарағандының «Сарыарқа» клубы «Братина» кубогы жолындағы жарыстан шығып қалды. Жартылай финалда Ресейдің «Нефтяник» командасымен сынға түскен Вадим Епанчинцевтің шәкірттері қарсыластарына жол беріп қойды. Бұған дейін қатарынан үш кездесуде ұтылған қарағандылық ұжым өз айдынында өткен шешуші ойында 3-2 есебімен есе жіберді. Негізгі уақытта 2-2 есебімен аяқталды. Ал овертаймда мергендігімен танылған Даниэль Насыбулин «Нефтяник» клубын ақтық сынға алып шықты. Еске салайық, келесі хоккей маусымынан бастап «Сарыарқа» командасы Ресейдің премьер-лигасында өнер көрсетеді.   

Самат ҚАНАҒАТОВ