Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарақат Әбден әйелдердің лауазымды қызметке сирек тағайындалуын сынға алды

  • AstanaTV
  • 27 қыркүйек 2023
  • 2582

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден елдегі гендерлік теңдік мәселесін көтерді.

«Гендерлік саясатты іске асыру – еліміздегі өзекті бағыттардың бірі. Халқымыздың 51%-ы әйелдер қауымы екенін ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Мемлекет басшысы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге баса назар аударады. Бірақ әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7%», - деді Қарақат Әбден депаттық сауал жолдай отырып.

Оның айтуынша, «Қазақстан Темір Жолы», «KEGOC», «Қазақтелеком» сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ.

«Кадрлар шоғырланған Астананада 5 аудан бойынша бір де бір әйел әкім немесе оның орынбарасы болып тағайындалмаған. «Халықтың 50%-дан астам үлесіне тең болып отырған әйелдер неге лауазымды қызметте 50%-ға жетпей отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30%-ға жеткізіп, 50%-ға ұмтылуымыз керек», - дейді ол.

Осылайша халық қалаулысы Премьер-Министр Әлихан Смаиловқа мынадай ұсыныс білдірді.

Әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосылсын;

Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлау қарастырылсын.