Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарттар үйінде көз жұмған қария қайтыс боларының алдында 35 жыл көрмеген жалғыз қызымен қауышқан

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2023
  • 1316

Ақтөбедегі Қарттар үйін түрлі тағдыр иесі паналап жүр. Әлеуметтік орталық қызметкерлерінің сөзінше, мұнда бала-шағасы бар қарттар да, жақынынан айырылып, жалғыз қалған жандар да тұрады. Жақында орталық қызметкерлері хәл үстінде жатқан қарияның жалғыз қызын тауып, кездесуге шақырған. 74 жастағы ер адам қайтыс боларының алдында сегіз айлығында тастап кеткен қызынан кешірім сұрап, батасын берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Сәулехан Күнтілеуова орталық жұмысымен таныстырып, ауыр тағдырларды баяндап берді.

"Орталықта бала-шағасы бар адамдар да тұрады. Бірақ көбі жалғызбасты. Бізге келген кісілер жастық шағында бала-шағасын тастап кеткен. Жақында 70 жастан асқан кісі дүниеден өтті. Қызы 8 айлық кезінде тастап кеткен. Бала анасымен қалған. Ол кісі хәл үстінде жатқанда біз 35 жылдан кейін қызын тауып бердік. Іздедік, таптық. Қызы "өмірімде әкемді көрген жоқпын" дегенмен "Келіп, көрсем бола ма?", - деп сұрады. Екеуі кездесті. Әкесі еміс-еміс біледі. Батасын берді, кешірім сұрады. "Дауысын естімей қаламын ба деп едім" деді. Екеуі табысты. Тұрғынымыздың осындай кішкентай арманын орындадық. 
Тағы бір оқиға бар. 70-тен асқан кісі қызын 28 жыл көрмеген. Жақында қызы келіп кетті. Биыл тұрмысқа шығайын деп жатыр. Тойына бар деп айтып отырмыз. Көбі арланады, намыстанады. Сондықтан көпшілікке көрінгісі келмейді", - дейді Сәулехан Күнтілеуова.

Қазір Ақтөбедегі Қарттар үйін 201 адам паналап отыр. Оның 120-ы зейнеткер, 81-і мүгедектігі бар жандар. Орталықта 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлерге тұрақты немесе уақытша тұруға мүмкіндік жасалған. 120 орындық асханасы, 7 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханасы бар. Қариялар детектив, лирикалық кітаптарды жиі сұрайды екен.

"Қарттар мұнда бірінші келген кезде қиналады. Тамақ ішпей жатып қалады. Құса болады. Мінез-құлқы өзгереді. Ауырады. Зауқы болмайды. Кетем деп айтады. Қайда келдім? Не істеп жүрмін? деп жылайтындар аз емес. Бірақ келгенде өз еркімен келеді. Ешкім күштеп әкелмейді. Әр жұмыстың қиындығы бар. Әр үлкен кісінің көңілін табу керек. Сондықтан олармен психологтар жұмыс істейді. Жеке қабылдайды. Сенсор кабинеті бар. Тест алады, тренинг өткізеді. Біз олардың бос қалдырмаймыз. Акт залында үнемі шара өтеді", - дейді басшының орынбасары.

Орталықта 160-қа жуық адам жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер үнемі қарттар мен мүгедектердің жанында. Тұрғындар үшін ғимарат іші де жайлы. 50 жылдық тарихы бар ғимарат 2021 жылы облыстық бюджеттен 701 млн теңге ақша бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Шатыры жаңарып, қасбеті қапталды. Ішкі әрлеу жұмысы жүргізілді. Орталық тұрғындары үшін туыстарымен, таныстарымен кездесетін орын да бар.

"Кейде балалары, туыстары келіп, алып кетеді. Біз жүріп тұра алатын тұрғындарды жібере аламыз. Той, садақаларына барады. Шаруалары болып, ағайын-туысына барғысы келсе өтініш жазады. Біз үш күннен бір айға дейін жібереміз. Кейбірі баласына барып, немересін көргісі келеді. Кейбірінің жолдасы қайтқан болса, бейітінің басына баруға сұранады", - дейді орталық қызметкері.

Бір сөзбен айтқанда орталықта қарттар мен мүгедектігі бар жандар үшін барлық жағдай жасалған. Тек қамкөңіл қарттарда балаға, туған-туысқа деген сағыныш бар. 87 жастағы Марияш әже бұл орталықта 8 жылдан бері тұрады. Хромтау ауданы Мағаджан ауылының тумасы. Қатты сырқаттанған соң қызына салмақ салмау үшін осында келген.

"Жағдайым жақсы, ризамын. Тағамы уақытымен. Апта сайын төсек жабдығын аударамыз. Теледидар көремін, сериал қараймыз. Жаңалықтар да қараймыз", - деді кейуана.

68 жастағы Сейсенғали есімді ақсақал бұл орталыққа бір жыл бұрын келген. Шалқар ауданының тумасы, теміржолшы.

"Жақындарым бар. Өз отбасың болмаған соң қиын. Бала-шаға жоқ. Ағайым қайтыс болған соң осында келдім. Мұнда жұмыс та істеймін. Гүл суарам. Таңертеңнен түске дейін далада жүремін. Жеңіл жұмыс. Ағаш, гүл суарамын. Жылыжай бар. Соны қараймын. Бәрі жақсы", - деп қоштасты қария.