Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда үлескерлер он жыл бойы баспанасын күтіп жүр

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2016
  • 2528

Ақтауда 71 отбасы он жыл бойы баспанасын ала алмай жүр. Салымшылар 2006 жылы үй алуға келісімшартқа отырған. Алайда арада он жыл өтсе де, баспана әлі күнге бұйырмаған. Алғашқы құрылыс салушы алаяқтықпен қамалып, жазасын өтеп те шыққан. Баспаналы боламыз дегелі, кейбір отбасылардың балалары өздері ата-ана болып үлгерген. Ашынған жұрт амалы қалмағандықтан, қайта қалалық әкімдікке назын айтты.

Он екі қабатты мына тұрғын үйді салуға он жыл кеткен.  Қазір құрылыс аяқталуға жақын. Алайда халық әлі күнге «үйге сыймағанмен, елге сыямыз» деп, дала кезіп жүр. Себебі үйдің жедел сатысы бітпеген екен. Құрылысты мемлекеттің қайтарым ақшасынан салып бітіруге уәде бергендер жедел сатыға ақша жетпей қалғанын айтқан.

Анар Батыхова, үлескер:

Қазір ол енді лифтіге ақша жоқ деп отыр. Мемлекеттік тексеру құрылыстың өзінде қайшылықтар бар дейді. Қашанғы күтеміз?! Біздің облыс әкіміне, қала әкіміне баруымызға тура келді.

Бірінші құрылыс салушы алаяқтықпен 7 жылға сотталған. Ол халықтан ақшаны жиналып алып, үйдің 2 қабатын ғана тұрғызған. Содан кейін мемлекет құрылыс нысанына 200 миллион теңге бөлген. Жаңа мердігер компания үйдің құрылысын аяқтап, бос пәтерлерді сатып, мемлекетке ақшаны қайтаруы тиіс еді. 11 қабаттың орнына 12 қабат салғаны да түсініксіз, дейді тұрғындар.

Людмила Зуб, үлескер:

Қаншама үлескер алданып отыр? Қанша ақша кетті он жылдың ішінде? Несие де алдық. Осы уақыттың ішінде банкке екі жарым есе ақша төлеп тастадық. Он жылда біреулер қайтыс болып кетті, енді біреулер Германияға, Израильға кетіп қалды. Жалпы қоғам өзгеріп кетті ғой. Ал біз әлі үйдің мәселесімен жүрміз.

Он жылда үлескерлер ғана емес, әкімдер де өзгеріп кеткен. Халықтың айтуынша, 2006 жылдан бері ауысып үлгерген жеті әкімнің бәріне барған. Соңғы рет әкімдік өкілдері арман болған баспананың 2017 жылдың басында аяқталатынын айтып шығарып салыпты.

Нұрлыбай Аққұлов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

Төрт жедел саты бір ай жөнделеді. Қиындығына қарай 20 күн мен 30 күннің арасы. Үйдің 12 қабат екенін де ескеріп отырмыз. Сондықтан 10 қаңтарға дейін жұмыстар аяқталуы мүмкін. Содан кейін ғана үй дайын деп айта аламыз.

10 жылдың ішінде үлескерлер өз есебін де шығарып қойған. Олардың есептеуінше, 12 қабатты үй Ақтаудағы ең қымбат баспаналардың бірі болған. «Жобаға 249 миллион теңге жұмсалды» дейді олар. «Үмітсіз шайтан» деген халық қоныс тойын жасаймыз деген ниетпен тағы бір жаңа жылды асыға күтіп отыр.

Саламат ОМАШ