Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда тиындар көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2016
  • 5024

Қолда жоқ ақша. Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында алтынмен апталып, күміспен күптелген ерекше монеталар көрмесі өтіп жатыр. Ақшадан да құнды жәдігерлерді көрермен назарына жергілікті коллекционер ұсынды. Қарағандылық экономистің қазынасымен біздің түсіру тобымыз да танысып қайтты.

Серік Мұстафин «Алма отаны»,«8 наурыз», «Аққу»,«Барыс», «Абай», «Әбілхайыр» секілді алтын және күміс тиындарды арнайы сатып алған. Мұндай бағалы металлдан жасалған бұйымдар нумизматтардың сирек топтамаларында ғана кездеседі. Коллекционер ондай ақшаларды тарихи мәніне қарап жинайды.

Серік Мұстафин, коллекционер:

Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңінде болған, тәуелсіздіктің бір нышаны. Теңгенің шығу себебі, бәрін жастар есептесе, келешекте еліміздің қалаулысы, патриот азаматтары болса деген тілектемін. Енді бұл өткен тарих, ел білу керек, келешек ұрпақ білу керек.

Нұрболат Алдабаев, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

Әрине, бұл тарихи үлкен маңызы бар. Бұл сол кезеңнің тарихынан сыр шертеді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына шыққан, Абайдың 150 жылдығы, әл-Фарабиге қатысты, хандарымызға байланысты шыққан тиындарды айтуға болады.

Отансүйгіш коллекционер жеке көрмесін ұлттық валюта күніне арнайды. Осыдан 23 жыл бұрын теңге қаржы нарығында тұңғыш рет айналымға енген. Осы мерекеге орай бұрынғы экономист 2 мыңнан астам нумизматикалық дүниесін алғаш жарыққа шығарып отыр.

Бұл монеталарды ол 1987 жылдан бастап жинаған. Олардың бәрі бірдей алтын, не күміс емес. Бірақ құнды. Еліміздің қалалары, табиғи байлығы, ерекше белгілері мен қоғам қайраткерлеріне арналған мерейтойлық, тиражы шектеулі монеталар. Қазақстанның төс белгілері, әр жылда шыққан ақшалары бар. Тағы екі топтамасы Кеңес одағы мен Европа елдерінікі.

Лаура Жұмағалиқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Тиындар көрмесі өте қатты ұнады. Әсіресе, күміс тиындар, оларды сыйлыққа тартуға болады. Әртүрлі елдердің қағаз ақшаларын тамашалауға болады. Маған көрме өте қатты ұнады.

Айжан Қуаш, тілші:

Коллекционердің ең ескі жәдігері - ол 1336 жылы Түрік хандығында қолданылған тиын. Алайда, оны ешкімге көрсетпейді. Ақшаны жақсы көрсең, ол да сені жақсы көріп, қалтаңнан кеткісі келмейді, - дейді психологтар. Жұғысты болсын деп ырымдап, немесе жай ғана ақша туралы білгісі келгендер үшін көрме есігі бір апта бойы ашық.

Айжан ҚУАШ