Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бізге «рамочный» заң керек емес»: Зайытов мемлекеттік сатып алу заңы жайлы

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2023
  • 918

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Ринат Зайытов Мәжіліске әлі келмеген мемлекеттік сатып алу заңы жайлы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бүгінгі қоғамның дерті, жүйелі проблемалардың бастауы – еліміздегі мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстар. Оның ішінде, заңнаманың қитұрқы тұстары көп. Иә, ашықтық деп айттық. Барлық мердігерге бірдей мүмкіндік берілді. Дегенмен бір объект үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес. Соның салдарынан елімізде, оның ішінде өңірлердегі шалғай ауылдарда мыңдаған бала мектепке бара алмайды. Ал ауыл халқы ем-домын ала алмайды, спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмейді», - деді Ринат Зайытов.

Оның айтуынша, Омбы – Майқапшағай тасжолы, Тұғыл ауылындағы 10 жыл бойы салынбай жатқан спорт кешені, Ақсуат ауданындағы жартылай бітпеген су бөгеті, Төрткүл ауылындағы мектеп құрылысы сияқты бітпеген нысандар жетеді.

«Бұл мәселені әр ай сайын «AMANAT» фракцияның мүшелері қаперінде ұстап отыр. Ел тұрғындарына сіздер жасаған проблеманы түсіндіріп әлекпіз. Осы отырған әріптестерімнің өзі де мыңдаған мысал айтып, түсін түстей алады. Солай емес пе?! Неге? Өйткені әлеуметтік маңызды объектілер мердігерлердің басқа есебінен, жеке мүддесінен аспағандықтан соттасумен бітпей жатыр. Қыс мезгілі де келіп қалды, шалғайдағы ауылдардың жолын қар басып, мекемелер жылусыз қалып, халық қиналса оған кім жауапты болмақ? Енді Мемлекет басшысы қайта тапсырма берді. Жаңа заңды дайындаңдар, мейлінше халыққа оңтайландырыңдар деді. Ал заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік», - деді ол.

Зайытов заңның «сұлбасы» жайлы айтып өтті.

«Менің түсінгенім бойынша, заң тек «рамочный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген. Барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шешілетін болады. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды. Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді. Біле білсеңіздер, заңнан биік құжат жоқ. Сондықтан ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде өз білгендеріңізше қазаншы болғанды тоқтатуды сұраймын», - деді ол.

Ол атағандай, ертең дау туғанда, проблема болғанда халық та, мердігер де «AMANAT» партиясының депутаттарын іздейді.

«Сол үшін әрбір мәселе заң деңгейінде пысықталуы қажет. Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар. Айтарымыз біреу ғана – заң жобасын қайта қарастыру қажет», - деді ол.