Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ушықтыруға жол бермейміз»: Мәжіліс депутаттары жат ағымдағылар жайлы айтты

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай жат ағымды ұстанып, қазақты намаз оқитын және оқымайтын етіп бөлетіндерге қатысты шара қабылдауды ұсынды. Елді ушықтыруға жол бермейміз дейді ол. Айтуынша, дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп барады. Жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артуда. Бұл-алаңдатарлық жағдай.

"Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер!" Жүз отыздан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің баласын кең құшағына сыйдыра білген қазақтың қаракөздері бүгінде бірі "сәләфи", бірі "уаһаби", енді бірі "құраншыл" болып, бастары қосылмай барады. Аманжол Әлтайдың айтуынша, қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп бас тартуға уағыздау – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі. Күнделікті көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранжымен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды», - дейді.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Төл мәдениетімізге, ұлттық тәрбиемізге мән беріп, жат ағымдардың шабуылына тыйым салғанда ғана өнегелі ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек.+Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз.

Теріс діни ағымдарды қолдаушылар биліктің жоғары сатыларында да отыр. Осылай деген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, самарқау отырмай, тосқауыл қоятын амалдар қарау керек дейді.

Ермұрат БАПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да жат ағымды ұстанып, ұлтқа іріткі салатындарды заңмен тыю керек екенін айтады.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс! Ел үшін ең қымбат Ұлтқа, адам үшін ең аяулы - Әке-Шешеге, Қазаққа ең адал Домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті!

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өкілінің айтуынша, жат ағымдағылармен күресіп жүріп, дәстүрлі дінді жоққа шығаратын топтарды байқамай қалуымыз мүмкін. Жат ағыммен күрес дінмен күрес деген сөз емес дейді.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Соңғы кезде діни жат ағымды айтқан болып, бірақ діннің өзімен күресіп жатқан топтар өте көп. Өкінішке қарай. Былай айтқанда олар дәстүрлі діннің өзіне қарсы келіп, исламның рәміздері болған қасиетті Қағбаға, біздің ардақты Пайғамбарымызға(с.а.с.), сонымен қатар қасиетті Құранымызға ауыр сөздер айтып, ауыр жала айтып, діни ағымдармен күресемін деп діннің өзімен де күресіп жатқан жағдайлар бар. Біз осыған өте көңіл бөлуіміз керек.

Өзіміздікін өзекке тепкен өзге ағымдықтарды алыстату үшін 12 жыл бұрын қабылдану керек болған заңды қайта қарау керек. Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз мишеньге айналып оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы керек дейді депутаттар. Үкімет нақты қадамдар жасауы тиіс.