Русский Сайттың толық нұсқасы

«Күніне 20 рет талып қалады»: Алматыда дәрігерлер 30 жылдан бері эпилепсиямен ауыратын адамға ота жасады

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2023
  • 741

Орталық қалалық клиникалық ауруханада 30 жылдан бері эпилепсиямен ауыратын 47 жастағы ер адамға бірегей ота жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Операцияны ОҚКА нейрохирургі мен №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігері жасаған.

ОҚКА нейрохирургі Марат Алматовтың айтуынша, МРТ мен ЭЭГ нәтижесінде мида ауру ошағы жоқтығы анықталды. Осылайшы консилиум арқылы кезбе жүйкеге стимулятор орнату туралы шешім қабылданды.

«Кезбе жүйкеге орнатылған стимулятор эпилептикалық ұстама санын қысқартады және негізгі терапиялық еммен бірге ұстама жиілігін азайтып, ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Спиральді қосатын генератор терінің астына орнатылады. Ол электродтар мен вагус арқылы өтіп миға белгі береді. Дәрігер стимуляция интервалы мен оның ұзақтығын арнайы құрылғы арқылы реттеп отырады. Қондырғының жұмысы ота жасау барысында сыналады. Науқас ауруханада болған 4 күнде ұстамасы байқалған жоқ. Қайталанған күннің өзінде енді оның саны едәуір азаюы тиіс. Бірақ эпилептикалық дәрілерді үзбей қабылдауы қажет», - деді ол.

Туыстарының сөзінше, пациент эпилепсияға жасөспірім шағында шалдыққан. Соңғы кезде күніне 20 шақты рет ұстамасы ұстайтын болған. Талма ауруына шалдыққан жігітке дәрі көмектеспей қойған.

«Бұл операция науқастың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, оны бақытсыз жағдайлардан да сақтап қалады деуге болады. Өйткені эпелиптикалық ұстама кез-келген уақытта, аяқ-асты пайда болады, адам абайсызда ауыр жағдайға душар болуы әбден мүмкін. Отадан кейін пациент эпилептологқа қаралады, маман аппаратты бейімдеп отырады», - деді нейрохирург Азамат Жайылғанов.

Эпилепсияны емдеудің бұл түрі өте қымбат манипуляциялар қатарына жатады. Шетелдік клиникаларда құны 50 мың доллардан басталатын емдеу тәсіліне Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында қол жеткізіп отыр. Операция дәрілік препараттар көмегімен жүргізілетін ем-дом түрімен бірдей нәтиже береді. Бірақ мұнда дәрі ішкеннен кейін қалыптасатын кері әсерлер болмайды.