Русский Сайттың толық нұсқасы

Климаттың өзгеруінен үйлерін тастап кетуге мәжбүр балалар саны артуда

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2023
  • 1023

Соңғы алты жылда 43 миллионнан астам бала табиғи катаклизмге байланысты үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Әсіресе штормдар мен су тасқындары ауыр зардаптар әкелуде. ҚазАқпарат бұл туралы Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ауа райының тосын жағдайларына байланысты отбасыларымен бірге қоныс аударып жүрген балалар саны артып келеді. Бұл туралы ЮНИСЕФ-тің жаңа баяндамасында айтылған.

БҰҰ-ның Балалар қоры 2017 жылдан бергі статистиканы жинақтап, соңғы 6 жылда климаттық апаттар салдарынан 43 миллионнан астам бала үйлерін тастап кеткен деген қорытындыға келді.

Балалардың қоныс аударуына негізгі себептер – дауыл мен су тасқыны. Климаттың өзгеруіне байланысты бұл табиғи апаттар жиі орын алып, олардың қарқыны да артып келеді.

Бұған қоса, алдағы болашақта жағдай айтарлықтай нашарлай түсетіні шамаланып отыр. Ұйымның болжамына сәйкес, өзендердің арнасынан тасуынан алдағы 30 жылда 96 млн бала үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуы ықтимал.

Халықаралық ұйымның пікірінше, бұл мәселенің оңай шешімі жоқ. Білім деңгейін көтеру, табиғи апаттардың алдын алу және балаларға гуманитарлық мәселелер мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы саясатта ерекше орын беруді қоса алғанда, кешенді шаралар қажет, деп атап өтті ЮНИСЕФ.