Русский Сайттың толық нұсқасы

Семей орманшыларының жағдайы қиын, бірақ бюджеттен көмек бере алмаймыз – әкім

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2023
  • 659

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі орман өрті мен оның себептері туралы алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«8 маусым – Абай облысы үшін қуанышты әрі қайғылы күн. Дәл осы күні Абай облысы құрылса, тура бір жылдан кейін Семей орманы өртеніп, 15 отандасымыздан айырылып қалдық. Абай облысындағы өрт қайдан шықты? Бұл жөнінде ресми пікір білдірген жоқсыз», - деген сұрақ қойды Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында жүргізуші Ерболат Мұхамеджан.

Әкім өз жауабында ең ауыр тигені – жерлестердің құрбан болғаны, қаза тапқандардың отбасына толық жәрдем берілгенін айтты.

Барлық 15 отбасына баспана және «Қазақстан халқына» қорынан қаражат бөлінген.

«Орман резерваты – ерекше қорғалатын аумақ. Ол басқа ведомствоға, Экология министрлігіне қараса да, ел мен жер біздің облысымызда, жауапкершілік бізде. Біз әкімшілік тарапынан барлық көмекті көрсетіп отырмыз, көрсете береміз де. Бірақ осы министрлікке, орман комитетіне айтарымыз – орманшыларға назар аудару керек. Бұл тұрғыда көп проблема бар. Ең алдымен техникасы әбден тозған, одан кейін орманшылардың айлығы өте аз, оны да шешу керек. Әрине, тілсіз жаумен күресу керек, бірақ алдын алу жұмыстарын да ұмытпаған жөн», - деді Н. Ұранхаев.

Облыс әкімінің айтуынша, ғарыш мониторингінің өрт туралы ақпараты жеткенше біраз уақыт өтіп кетеді. Орманшылардың да өртті қадағалау тәсілдері ескірген.

«Орманшылар әлі күнге дейін қолына дүрбі алып, дөңнің үстіне қарауылға шығады. Ал бізде дрондар бар, ол түтінді байқаса, сигнал жібереді. Дронның өзі аса қымбат дүние емес. Осындай заманауи технологияларды қолдану керек. Былай қарасаңыз орманшыларда рация да жоқ. Біз оларға өз бюджетімізден көмек бере алмаймыз, себебі бюджеттеріміздің деңгейі бөлек. Олар республикалық бюджеттен қаржыландырылады, біз – жергілікті бюджетпіз. Сондықтан басқа қорлар арқылы мүмкіндігінше көмек беріп жатырмыз, министрлікке де орманшыларға назар аудару керегін еске салғым келеді», - деді облыс әкімі.

Нұрлан Ұранхаев орманшылар мәселесі туралы Премьер-Министрге, бұрынғы Экология министріне хат жазғанын айтты.

«Бұл өрт адами фактордан емес, найзағайдан шыққан. Дегенмен министрлікпен де, орманшылармен де жұмыс істеуге дайынбыз. Қор қаражатына техника сатып алайын деп жатырмыз, бірақ мәселе бұлай шешілмейді. Оны министрлік жүйелі түрде шешуі керек. Керек болса, техника сатып алуы керек, орманшылардың жалақысын көтеруі керек. Сонда ғана мәселе түбегейлі шешімін табады», - деді Абай облысының әкімі.