Русский Сайттың толық нұсқасы

Ойына келген бағасын қоя бере ме?: Дәулет Мұқаев дәріханаларды тексеруді ұсынды

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2023
  • 747

Депутат Дәулет Мұқаев Мәжілісте еліміздегі дәріханаларды тексеріп, дәрілер бағасын реттеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол көшпелі дәріхана жайлы айтты.

Бүгін Парламентте көшпелі дәріхана көрсетілді. Жедел жәрдемді көрсетті. Бәрі жақсы, бәрі керемет. Осы жерде көшпелі дәріхана жайлы айтқым келіп отыр. Бағалары керемет. Бәрі қолжетімді. Сұрасам, оны әлеуметтік дәріхана дейді. Ал енді Денсаулық сақтау министрлігінде әлеуметтік дәрілердің тізімі бар. Енді айта кетейік, мен Сауран көшесінде (Астана қаласы – ред.) тұрамын. Сауран көшесіндегі бір ғана тұрғын үйдің өзінде 3 дәріхана бар. Үшеуінде бағалары үш түрлі болады. Ал енді әлеуметтік дәрі болса, неге бағалары бірдей болмайды? Сіздер 5% ғана деп отырсыздар, - деді ол.

Дәулет Мұқаев Мәжілісте ұйымдастырылған көрмеде көшпелі дәріханадан дәрі сатып алғанын мысалға келтірді.

Дәрі сатып алдым. Терафлюдің бағасы 230 теңгеге шықты. Ал қарап отырсам, нарықтағы бағасы 500 теңгеге дейін барады. Өсім 140-150%-ға дейін. Стрепсис 1 200 теңгеге алдым, бірақ бағасы 1 700 теңгеге дейін барады. Өсім 40%. Ал линекс 230 теңгеге алдым, нарықтағы бағасы 280 теңгеге дейін барады. Өсім 30-40%. Ношпаның өсімі 120-140%-ға дейін барады. Сонда мұны кім реттейді? Кім бағалайды? Ойына келген бағасын қоя бере ме? Әлеуметтік дәрілердің тізімін білейік, халық білсін, - деп айтты мәжілісмен.

Ол өзі бұған дейін айтқан үш дәріхананың арақашықтығы шамамен 10-15 метрден ғана екенін айтты.

Бірақ баға әртүрлі. Бұл қашанға дейін жалғаса береді. Осы мәселені қолға алу керек. Тексерік керек. Дәріхананың бәрі үлкен бизнеске айналып кеткен. Кейде Астанада тұрғын үй кешенінен азық-түлік дүкенін таппаймыз. Бірақ дәріхана табамыз, - деп ойын айтты Дәулет Мұқаев.