Русский Сайттың толық нұсқасы

Қажымұқан стадионындағы жемқорлық: Астанада бірнеше шенеунікке сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2023
  • 828

Астанада жемқорлық бойынша күдікке ілінген бірнеше шенеунікке сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Антикордың хабарлауынша, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен пара алғаны үшін (ҚР ҚК 366-бабы): Астана ТЖД басқармасының бастығы Б. Бейсенқанов 5 жылға, құрылыс басқармасының басшысы А. Жанғасқанов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Ғ. Айтжановаға 60 миллион теңге, ІМАД бас маманы А. Әбішеваға 90 миллион теңге айыппұл төлеу түріндегі жаза белгіленді. Ал лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін (ҚР ҚК 361-бабы) Астана құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ж. Мырзахметовке 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленген.

Сондай-ақ аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылған. Антикордың мәліметінше, ТЖД басқарма бастығы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионды апатты деп тану туралы құжаттаманы келіскені үшін құрылыс компаниясы өкілінен 5 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген. Басшының орынбасары және ІМАД бас маманы аудиторлық тексеру бойынша оң қорытынды үшін жеке компания өкілдерінен 2 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталған.  

Астана қаласы құрылыс басқармасының басшысы мен оның орынбасары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған. Антикор олар құрылыс компаниясын 21 млн теңгеден астам сомаға материалдық құндылықтарды сатып алуға көндіргенін атап өтті.

Сондай-ақ Құрылыс басқармасының басшысы жалпы қамқорлығы және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін ЖШС басшылығынан 400 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталған. Осы сот үкімімен жеке құрылыс компаниясының өкілдеріне жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаға пара бергені үшін жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық айыппұл түріндегі жаза белгіленген.

Антикор Қылмыстық-кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын еске салды.

Сот үкімі заңды күшіне енбеген.