Русский Сайттың толық нұсқасы

«Банк менеджері 1 млн 400 мың тг сұраған»: Дәулет Мұқаев «7-20-25» бағдарламасы жайлы

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2023
  • 781

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында баспана мәселесі және тұрғын үй алуға арналған мемлекеттік бағдарламалар талқыға түсті. Төменгі палата депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дәулет Мұқаев бұл салада жемқорлық өршіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Баспана мәселесін бірнеше рет көтергенмін. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Бүгінгі таңда баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады. Депутаттық сауалымда «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына өзгеріс енгізу, «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау, «Жас отбасы» бағдарламасы жайлы бірнеше ұсыныс айтқан едім. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтпай тұр. «7-20-25» бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналуда. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимит ашылды. Ашылды да, 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан «бұл не деген сұмдық?», «менен банк менеджері 1 млн 400 мың тг сұрады» деп Айжан, Перизат есімді оқырманым жазса, Раушан есімді оқырманым «700 мың теңге сұрады» деп жазып жатыр. Бұл қашан тоқтайды, қашан бұл бағдарламаны біржақты қыламыз?» - деп сұрады ол.

Президент Отбасы банктің қызметін қайта қарауды және облыс орталықтары емес, аудандарға, моноқалалар мен ауылдарға басымдық берілуі тиіс деген тапсырма берген. Алайда, нақты өзгеріс жоқ, дейді Дәулет мырза.

«2023 жылы мемлекет 10 мың пәтер берді. Оған 105 млрд теңге бөлінді. Келесі жылға жоспарымыз бойынша, бұл ұсыныс ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидия іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Бірақ, барлық халықты баспанамен қамтамасыз ету оңай емес. Сізбен бірге отырып, әр бағдарламаны қарайық. Ұсыныстарыңызды бірге қарастырайық, іске асырайық. Қаражат мәселесі министрдің емес, Ұлттық банк пен қаржы бақылаушысының қолында. Министрдің тарапынан құрылыс саласын жасау – біздің міндетіміз», - деп жауап берді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.