Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Балғабеков энергетикалық сусындардың химиялық құрамына тәжірибе жасады, деп хабарлайды Kazinform.
Оқушы энергетикалық сусындар орталық жүйке жүйесінің қозуына әсер ететінін ғылыми жобасында зерттеп, қорғаған.
Еркебұлан Балғабек жастар арасында өте танымал Redbull, Gorilla, Adrenaline секілді энергетика сусындарына сынақ жүргізді.
Ол сусынға сапалық анализ жасау арқылы pH табу кезінде аталған сусындардың қышқылы жоғары екенін анықтады. Ал қышқыл сусын тұтыну салдарынан сүйек, сіңір зардап шегеді, сонымен қатар ағзаның қартаю процесі жеделдейді.
— Түрлі дереккөздерді талдау барысында энергетикалық сусын құрамындағы компоненттердің жас ағзаға пайдасынан гөр зияны әлдеқайда көп екенін анықтадық. Бүкіл жиналған ақпаратты саралап, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді қуаттығыш сусындарды мүлдем тұтынбауға, ал, 18 жасқа толған адамдарды энергетикалық сусынды тәулігіне 0,3 литрден асырмай ішуге шақырамын, — дейді Еркебұлан Балғабек.
Химия пәнінің мұғалімі Венера Суровцеваның айтуынша, қазір энергетикалық сусын шығаратын компаниялар оның толықтай қауіпсіз екенін айтады. Алайда, әр компоненттің ағзаға белгілі бір зияны болатынын ескерген жөн.
— Оны қарапайым жолмен — энергетикалық сусынды ішкенге дейін және кейінгі өзіңіздің қан қысымыңызды өлшеу арқылы байқай аласыз. Көп мемлекеттерде энергетикалық сусынды арнайы дәрігердің нұсқауымен дәріханадан ғана алуға болады, ал бізде кез келген дүкеннің сөрелерінде тұрады. Бұл сусынды ешқандай бақылаусыз ішу, әсіресе жастардың шектен тыс пайдалануы жүрек ауруының жасаруына әкеп соғады, — дейді Венера Суровцева.