Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да биыл көміртегі тотығынан уланғандар саны 2,5 есе артты

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2023
  • 569

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері көміртегі тотығынан уланғандар саны 2 жарым есеге артып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша биыл 539 өрт тіркелген.

Оның ішінде 320 оқиға тұрғын үй секторында болды, бұл — өрттердің жалпы санының 62 пайызы.

«Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 18 пайызға азайған. Алайда өкінішке қарай кісі өлімі 57 пайызға артып отыр. Жыл басынан бері 22 адам қызыл жалыннан қаза тапты. Көміртегі тотығынан уланғандардың саны 2,5 есе артып, 23 адам болды», - дейді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Жылыту маусымы басталғанға дейін құтқарушылар халық арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алып, үйлерді күн сайын аралап, түрлі жиындар, акциялар өткізді.

Барлығы 24 430 ауланы аралап шықты.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылар тұратын 3574 үйге ерекше назар аударылды.

Ол үйлерде департамент қызметкерлері 817 бұзушылықты анықтады.

Оның ішінде 509-ы пешке, 257-сі электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға қатысты болса, 51-і басқа бұзушылықтарға жатады.