Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы Есіл ауданының әкімдігі мерекелік безендіруге 848 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2023
  • 941

Астанадағы Есіл ауданының әкімдігі мерекелік безендіруге 848 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Тапсырыс беруші – "Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі. Атауы – елді мекенді/ауданды/қаланы мерекелік және басқа да іс-шараларға дайындау/көркемдеу жөніндегі қызметтер. Жоспарланған сома 848 миллион 214 мың 285, 71 теңгені құрайды", - делінген мемлекеттік сатып алу порталындағы лот сипаттамасында.

Байқауға қатысуға өтінімдерді алдын ала қабылдау басталды және 2 қарашада аяқталады.

Аталған ақпаратқа қатысты Астана қаласы Есіл ауданының әкімдігінің хабарлауынша, аудан елорданың әкімшілік орталығы болғандықтан онда басқа өңірлерден келетін қонақтар мен туристер өте көп.

"Шетелдік туристерден, еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтардан басқа, күнделікті қоғамдық жерлер, мәдени орындар, ескерткіштер, алаңдар мен саябақтар елорда тұрғындарын қызықтыратын орын болып табылады. Мереке және демалыс күндері мәдени және қоғамдық орындарға бару максималды деңгейге жетеді.
Көрсетілген сома осы кеңістіктерді шағын архитектуралық пішіндермен безендіруді, оларды барлық мемлекеттік және ұлттық мерекелер – Конституция, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекелеріне жөндеу мен қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мереке күндері басты көшелер мен көпірлер жалаулармен безендіріледі”, – деді әкімдік.

Сондай-ақ олар безендіру жұмыстары тек ауданның орталық бөлігінде ғана емес басқа елдімекендерде де жүргізіліп жатқанын хабарлады.

“Есіл ауданында шет мемлекеттердің ресми делегацияларының қатысуымен халықаралық іс-шаралар өткізіліп жатқанын ескере отырып, осы мемлекеттердің туларымен бағдарды тиісті түрде жобалау, шағын архитектуралық пішіндерді, подиумдарды, сахналарды шығару, орнату және демонтаждау, көпшілік іс-шаралар, соның ішінде концерттер, ашық аспан астындағы, көрмелер, жәрмеңкелер өткізу үшін киіз үйлер беріледі. Жобалау жұмыстары ауданның орталық бөлігінде ғана емес, географиялық жағынан ауданға жататын Тельмано, Пригородный, Заречный елді мекендерінде де жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Аудандық жобалау қызметтерін көрсету жөніндегі мердігер ұйымды анықтау мемлекеттік сатып алу қағидаттарын сақтай отырып, конкурстық тәртіпте жүзеге асырылады.