Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда автокөлік көпірінен құлаған әйел аман қалды

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2023
  • 729

Петропавлда белгісіз жағдайда автокөлік көпірінен құлаған әйел аман қалды. Қамысқа оратылып, жүре алмай қалған 32 жастағы қала тұрғынын мұздай судан полиция қызметкері алып шықты.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 қазан күні сағат 22:30 шамасында Петропавл қалалық полиция басқармасының "102" пультіне шақырту түскен. Хабарласқан адам Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің жанындағы суда жағаға шыға алмай жатқан әйелге көмек керек деп хабарласқан. Қоңырау шалушы әйел «зардап шегуші абайсызда құлады ма?» деген сұраққа жауап бере алмады.

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының жақын маңдағы экипаждары жіберілді. Сондай-ақ, СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметі шақырылды.

"Қараңғыда әйелді көре алмадық, тек көмек сұраған дауысы шығып жатты. Ол қараңғыда бағытты жоғалтып, жағадан алыстап, қамыс арасына кіріп кетуі мүмкін. Жағадан және көпірдегі қызметкерлер мен қала тұрғындары мені бағдарлап отырды. Шамның жарығын көрген әйелдің өзі маған қарай жүруге тырысты, бірақ орнынан қозғала алмады", - дейді полиция қызметкері Олег Головин.

Тәртіп сақшысы мұздай суға кіріп, қала тұрғынын қамыстан босатып, жағаға алып шықты. Келіп жеткен "Жедел жәрдем" тоңып қалған 32 жастағы Петропавл тұрғынын медициналық мекемеге жеткізді. Полиция кіші лейтенанты Олег Головин киімін ауыстырып, қызмет өткеруін жалғастырды.