Русский Сайттың толық нұсқасы

Бензин бағасы қарашада 130 теңгеден аспайды - Қанат Бозымбаев

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2016
  • 2753

Қашаған кен орны коммерциялық мұнай өндіру деңгейіне жетті. Бірінші қарашадан бастап ол тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіре бастады. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Мәжілістегі Үкімет сағатына келген министр сондай-ақ елдегі жанармай мәселесіне де тоқтала кетті. Саламат Омаш тарқатады.

Депутаттар энергетика министрі Канат Бозымбаевтан жанар-жағармай стансаларындағы бензиннің қымбаттауы мен оның жетіспеушілігі туралы сұрады. Министр мұның ауқымды мәселе емес екенін, өз басы бензин бағасының бірден өсіп кеткеніне сенбейтінін айтты. Тіпті, АИ-92 маркалы бензиннің 1 литры 200, 300 теңге болып кетсе де, тексеріп, орнына қоямыз деді.

Бензин бағасының өсуі мен оның тапшылығының себебін Қанат Бозымбаев ауа-райының күрт суып кетуінен деді. Себебі аязды күнде жанар-жағармай көп кетеді. Мысалы, күніне 100 тонна АИ-92 маркалы бензин жағатын Астана өткен сенбі күні 220 тонна бензин қолданған. Аталған мәселе депутаттардың да назарына іліккен.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Көптеген стансаларда қысқы дизельдің болмауы, АИ-92-нің 135 теңгеге көтерілуі - халықтың назарынан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты қояр сұрағым, бағасы тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолданатын болады? 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Кеше ғана өзім заправкаларды аралап шықтым. Жағдай түзелді. Ол кішкентай ғана нәрсе болған. Күнделікті 100 ғана тонна 92 бензин сатады. Тек сенбі күні 220 тонна бензин сатқан. Неліктен болған ол? Әрине, қатты аяздан.

28 қыркүйекте іске косылған Қашаған бүгінде коммерциялық мұнай өндіру деңгейіне жетті. Аталған кен орнында 1 қарашадан бері тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндіріліп келеді. Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін қашағанда 1,1 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Биыл мұнай-газ саласын қолдау жөнінде шаралар қабылданған. Сонымен қатар Қашаған кен орны ашылды.  Осылардың нәтижесінде мұнай өндірудің жылдық жоспарын 74-тен 75 жарым миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Бүгінде елімізде 33 шағын мұнай өңдеу зауыттары бар. Олар жылына 6,5 мың тоннадай өнім өндіруге қауқарлы.  Қазақстандағы құбырлардың шамасы 100 миллион тонна мұнай экспорттауға жетеді, - деді энергетика министрі. 2030 жылы бұл көрсеткіш 202 миллион баррельге жетпек. Сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстан 30 пайыз бензин импортына тәуелді, деді министр.

Саламат Омаш, тілші:

Қалай болғанда да, Ресейдегі бензин бағасы Қазақстанға міндетті түрде әсер етеді, дейді Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, бұрын көтерме баға тоннасына 360 доллар болса, енді 415 долларға өсейін деп отыр. Оны Астанаға әкелсе, 140 теңгеден болмақ. Министр елімізде бір  литр бензиннің әділетті бағасы 135-140 теңге болуы керек дейді. Әйтсе де оның мөлшері қараша айында 130 теңгеден аспайды дегенді айтты.

Саламат ОМАШ