Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт халықты улап жатыр

Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт халықты улап жатыр. Өткір иіс пен ащы қара түтіннен тұрғындар тыныс алу аруларына жиі шалдығады. Себебі, өндіріс орны үйлердің іргесінде орналасқан. Жұрт жылдар бойы оны басқа жерге көшіруде сұрағанмен мәселе шешілмей келеді. Атышулы қоқыс өртейтін кәсіпорынды экологтар тексерген бе? Оның ауаға лас қалдықтарды таратып жатқаны рас па, Айжан Қуаш анықтады.

13 жыл бұрын жеке сектордың жанынан ашылған кәсіпорын мен үйлердің арасы небәрі 300-400 метр. Зауыттан шыққан өткір иіс пен ащы қара түтін бірнеше мың тұрғынды әбден шаршатқан. Қазір бұл маңда тыныс алу ауруларына шалдыққандар көп.

Мария НАЙМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Терезені ашсақ, жақтаулары қап- қара. Түтіннің иісі сасық. Мұнда шприцте, мақта, қалдықтарды тіпті онкология мен тубдиспансерден әкелінген аяқ- қолдарды да жағады деп естідік.

Игорь МАЗАКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізден 3 жүз- ақ метр жерде тұр. Жел бізге қарай соғатындықтан қара түтіннің бәрі үйге келеді. Әсіресе түнде көп қоқыс жағады. Балалар үнемі жөтеліп, ауырып қала береді.Айнала қара шаң, көліктің өзін басып қалады.
Зауыттан ауаға зиянды қалдықтар тарайтынын экологтар растады. Облыстық экология департаментінің инспекторлары қоқыс өртейтін пештен біраз кемшілік тапқан.

Әділет ҚОЯНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ИНСПЕКТОРЫ:
«Барлық утилизация жаңағыдай қалдықтардың утилизациясы инсинераторлық пеш арқылы жүргізілетіні анықталды. Пештен ауаға зиянды заттар бөлінетіні белгілі болды. Утилизация ЛТД ЖШС табылған ақауларды 15- інші қарашаға дейін жоюы тиіс».
Соған қарамастан шенеуніктер зауытты үйлерден алысырақ көшіруге асықпай отыр. Ал кәсіпорын басшылары бұл қаржылық жағынан тиімсіз- дейді.

Заза БЕРАДЗЕ, «УТИЛИЗАЦИЯ ЛТД» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Меніңше халыққа біреулер қысым жасап шағымдануға мәжбүрлеп отыр. Әйтпесе зиянды қалдықтар қалыпты жағдайдан сәл ғана асты. Пештің ақауы бір участокта ғана болды.Пеш стандартқа сай жұмыс істейді. Кемшіліктерді түзетеміз. Бірақ зауытты көшіру 100 млн теңгеге шығады. 5 жыл бұрын ғана қондырғыларды жаңарттық, басқа аумаққа көшіре алмаймыз.
Тұрғындар енді зауыт басшылығын сотқа бермекші, прокуратураға арыз дайындап жатыр. Олар медициналық қалдықтарды жоюға қарсы емес, тек оны қоршаған ортаға зиянсыз алыстау жерде өткізуді сұрайды.