Русский Сайттың толық нұсқасы

Бала кезімнен сәнді киінгенді жақсы көремін – 84 жастағы тиктокер

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2023
  • 839

Тиктокер ата атанған Тілеуғали Сатыбалдиев – әлеуметтік желіде әдемі киім үлгілерін көрсетіп танымалдылыққа ие болған блогер ақсақал. Бүгінгі таңда оның роликтерін 2 миллионнан аса адам қараған. Сексеннің сеңгіріне шыққан қариямен Kazinform тілшісі сұхбаттасып қайтты.

– Тілеуғали ата, қазақстандықтарға оның ішінде жастарға тиктокер ретінде танылдыңыз. Әлем қарайтын желіде жоғары қаралым жинап жүрсіз, видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеу ойыңызға қалай келді?

– Тегін, кездейсоқ ештеңе болмайды. Әр нәрсенің өз бастауы болады. Екі жыл бұрын Құдай қосқан жарымнан айырылып қалдым. Соған көңілім құлазып, жүрегім сыздап жүрді. Бала-шағаға көрсетпеуге тырыстым. Алайда немерелерім менің мұңайып жүргенімді көріп, көңілімді аулау үшін TikTok желісін үйреті. Онда танымал боламын деп ойламадым. Бастапқыда салған дүниелерімді бір миллион, артынша екі миллион адам қарапты. Таңғалдым. Роликтерді монтаждауға немерем Мариям көмектеседі. Алайда мақсатым – танымал болу емес, немере, шөберелеріме қолдау көрсетіп, шабыт сыйлау.

– Сіз сәнді киімдерді тек түсірілім үшін ғана киесіз бе?

– Жарасымды киіне білу де өнер. Бұл – кез келген адамның талғамының көрінісі. Мен бала кезімнен сәнді киінгенді жақсы көремін. Біздің кезімізде жақсы киім табу оңай емес еді. Өзімнен үлкен ағаларымнан қалған шалбар, жейде, костюмдерін қысқартып, өзіме шақтап тігіп алатынмын. Мода біздің кезде де болды, шырағым. Теледидардан көргенімізді сатып ала алмасақ та, тігіп алу қолымыздан келетін. Сәнді, өзгеше киініп жүру әдет болып қалады екен. Бастысы, ер адамның үстіндегі киімі таза әрі жарасымды болса болды.

– Талғаммен киінетін сізге ерекше стильдегі киімді кім таңдап береді?

– Мен киімді өзім таңдаймын. Өзіме ұнағанын ғана киемін. Кемпірім болған уақытта да көп кеңес берген жоқ. Мен Сізге бір құпиямда ашайын. Ерекше киімді Second Hand дүкенінен аламын. Ол жерде киілмеген киім де сатады. Ондағы кейбір киімдерді танымал, қымбат магазиндерден де табу қиын. Бірақ, бұл туралы көп жерде айтпаймын.

– Әлеуметтік желілердің арқасында кино мен жарнамаға түсуге шақырту алып жатыр екенсіз, рас па?

– Иә. Көбіне эпизодтық көріністерде ойнаймын. «Қара бала», «Каникулы» деген фильмдерге түстім. Жақында «Академия» деп аталатын шекарашылар туралы сериалға шақырды. Түсірілім Алматыдағы академия қабырғасында өтті. Онда бір ақсақалдың рөлін сомдадым. Өзіме қатты ұнады. Жақсы адамдармен танысып, жастармен көбірек сөйлесесің.

Айтпақшы, 1966 жылдары студент кезімде Абдолла Қарсақбаевтың «Мазасыз таң» фильмінде эпизодтық рөлде ойнағаным бар. Мен ІІМ жүйесінде және «Динамо» спорт қауымдастығында мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адаммын. Спортшылар мен ішкі істер органдарының қызметкерлерін дайындадым. Ал қазір зейнеткермін. Бос уақытым көп.


– Сексеннің төртеуіне келгенде ғаламторды да қапысыз меңгеріп алдыңыз. Әлеуметтік желіде жеке парақшаңыз да бар. Сергексіз, ширақ қимылдайсыз. Мұның құпиясы неде?

– Барлық нәрсеге еңбектің арқасында қол жеткізесің. Жақсы нәрсе ойлап, жақсы нәрсені армандау керек. Мен саламатты өмір салтын ұстанамын. Көп жүремін, жаттығу жасаймын. Таза ауада серуендеймін. Саябаққа жиі барамын. Жас ерекшеліктеріне қарамастан адамдармен көп араласуға тырысамын. Бос уақытымды немере-шөбереге арнаймын. Бары осы.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет. Аман болыңыз!