Русский Сайттың толық нұсқасы

"Өзімді арамтамақ, қайыршы сезіндім": Актер Назар Шархан гонорарын не себепті жария етпейтінін айтты

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2023
  • 1552

"Келінжан" сериалында Мәдібек рөлі арқылы танылған Назар Шархан қазір трендтегі актерлердің бірі де бірегейі. Алайда актер өзінің атағын пайдаланып, инстаграмда ақылы жарнама жасап, табыс табуды қолдамайды екен. Бұл туралы ол stan.kz тілшісіне берген экслюзив сұхбатында ашып айтты.

– Назар мырза сұхбатқа келісім бергеніңізге рахмет. "Келінжандағы" Мәдібек бизнеске өте жақын азамат. Ал, өмірде өзіңіз кәсіпке қаншалықты пысықсыз?

– Кәсіпке жоқпын, өкінішке орай. Актерлік саладан бөлек осы өнердің басқа да салаларында бағымды сынап жүрмін. Монтаж жасаймын. Режиссер ретінде алғашқы дебютімді түсірдім. Рэп орындауды жаным сүйеді.

– Қысқаша сол дебют туындыңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Қараша айының 30 жұлдызында көрерменге жол тартады. "Асау фильм" деп аталады. Бұйырса тұсаукесеріне шақырамыз.

– "Келінжаннан" кейін жарнамаға түсу немесе бренд амбассадор болу туралы сұраныс пен ұсыныстар көп шығар...

– Өзіме әлі ұнайтындай ұсыныстар түспеді. Амбассадор болуды қарастыруға болатын шығар. Бірақ, өзімнің жүрегіме жақпайды екен. 1-2 рет жігіттермен бірігіп бір өнімнің жарнамасына түскен едік. Аса ұнады деп айтпаймын. Instagram-ға ақылы жарнамалар алған кезде өзімді арам тамақ, қайыршы сияқты сезіндім. Кейде достарымыз "Instagram-да жарнама жасап беріңізші, роликке түсіп беріңізші, мен бартерге өнімді берейін" деп хабарласады. Мен әрдайым ондай кезде "ештеңе керек емес, тегін-ақ жасап берейін" деп айтамын. Болашақта бәлкім өзімнің авторлық дүниемді ұсынатын шығармын. Әзірге қандай өнім болатынын білмеймін. Ер адамға жетпіс өнерде де аздық етеді ғой. Қазір өнерде басқа бағытқа бет бұруға уақытым тапшы болып жүр. Мүмкін уақыты келгенде бизнестің де тілін үйренетін шығармын.

– Айтпақшы, "Келінжаннан" алған гонорарыңыз қаншалықты қомақты?

– Атап айта алмаймын. Себебі, коммерциялық құпия деп айтайын. Қазір гонорарымды айтсам, аз төленген актерлердің көңіліне тиіп қалуы мүмкін, ал қымбат алған әріптестеріме күлкі болуы мүмкін. Сондықтан нақты суммасын айтпаймын. Бірақ, айтарым қазір актерлерге аса көп гонорар төленбейді. Тек ең сұранысқа ие, "топовый" актерлерге ғана жақсы гонорар төленеді. Мен білетін кейбір актерлер бар тапқан табыстары өздерінің күнкөрісіне жетпейді.

– Ал, өзіңіздің гонорарыңыз күнкөріске қаншалықты жетеді? Яғни, сізді қымбат актерлердің қатарына қосуға бола ма?

– Мен өзім жылына 2-3 картинаға түсемін. Ол менің жылдық азығым болады. Ал, оны айға бөліп есептесек шамамен 300 мың мен 400 мыңның арасында болады. Бұл шетелмен салыстырғанда еліміздегі актерлердің бағасы өте төмен.

– Ал, актерлердің гонорары жоғары болу үшін еліміздегі киноиндустрия әлеміне қандай өзгеріс әкелу керек?

– Болашақта кинопрокаттан түскен ақшадан тек продюсерлер емес, актерлер де өз үлесін алатын деңгейге жетсе екен деп тілеймін.

– "Келінжандағы" Мәдібектің образынан кейін кинокартиналарға ұсыныстар көп шығар. Көбінесе қай жанрдағы фильмдер мен қандай образдарды сомдауға шақырады?

– Ұсыныстар өте көп. Бірақ, бірнеше себептермен келісе бермеймін. Біріншісі, сценарий ұнамаса мен келісім бермеймін. Екіншіден көбіне "шаблон" рөлдерге шақырады. Көптеген режиссерлер маған тура "Келінжандағы" Мәдібекке ұқсас персонажды ұсынады, мен бір рөлді қайталай бергім келмейді. Ал, сценарий, ұсынылған образ, шығармашылық команда ұнап жатса тіпті тегін түсуге де дайынмын. Мысалы, жақында көрерменге жол тартатын "ТОР" деген фильмге тегін түстім десем де болады. Себебі сценарий ұнады және режиссері өзімнің жақын досым, бауырым болды. Сол себепті "менің гонорарым мынадай" деп төсімді қағып, бағамды айтпадым.

– Сіз қандай рөлді сомдауды армандайсыз?

– Әлемдік киноны да бағындырғым келеді. Себебі, шетелдік кинокомедияның өзінде үлкен мағына болады. Қатты айтты деп ешкім сөкпейтін шығар, ренжімейтін шығар деп ойлаймын. Шынында біздің кинокомедиялардағы тақырыптар бір күндік қазан-ошақтың айналасынан, Tiktok-тың приколдарынан аспай қалады. Осыған дейін бірнеше комедиялық фильмдердің премьерасында болдым. Кейбірінің тек 1-2 жерінде шын күлсек, енді бір комедиялық туындыларда ұйықтап қалатын кездеріміз де болды.

– Еліміздегі комедия жанрындағы топ үштікті айта аласыз ба?

– Қазақстандағы топ комедияларды атап айтуы сәл қиындау боп тұр. Қазір есіме түсіріп көрейін. Біріншісі әрине, "Келінжан", "Ва-банк" және өзім әлі барып көрмесем де "Түпсана" деген комедияның мықты екеніне сенімдімін. Жай ғана үзіндісінің өзінде философиялық мағынасын байқадым. Көрсетілім бітіп қалмаса уақыт тауып арнайы барып көруге жоспарлап жүрмін.