Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2016
  • 3919

Бүгін Астанада «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданды. Маңызды құжатты ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Парламент палаталарының бірлескен отырысына жиналған депутаттар қауымы қолдады. Онда мемлекетіміздің ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктері мен толағай табыстары тізілген. Егемен ел болып қалыптасудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі де ескерілген.

Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыс өткізгенде маңызды құжаттар қабылданатыны айқын. Бүгінгі жиында да депутаттар «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын» бір ауыздан мақұлдады. 25 жылдың ішінде жұдырықтай жұмылып атқарған еңселі істеріміз бен егемендіктің арқасында қол жеткізген жеңістеріміз жан-жақты сараланды.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміз тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты екені ақиқат. Елбасының дана басшылығымен бүгінде барша әлемге бірегей қазақстандық даму жолы қалыптасты. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуінің тарихи мәнін терең сезіне отырып, мемлекет тәуелсізідігінің 25 жылыдғына орй Парламент депутаттары тәуелсіздіктің 25 жыл ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері декларациясын қабылдау идеясын ұсынып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жас мемлекетіміздің алға қарай қарыштап қадам басқанын баса айтты депутаттар. Ұлттық экономиканы әртараптандыруға бет бұрған Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы аясында соңғы 6 жылда 1 мыңға жуық тың жоба жүзеге асты. Жалпы құны 4 трлн теңгені құрайды.

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Тәуелсіздік жылдары мемлекет бюджеті 1100 есеге өсті. ЖІӨ көлемі 1,5 есеге ұлғайды. Жалақылар жыл сайын еселеніп, 2 млн-ға жуық жұмыс орын ашылып, инфрақұрылымдар қалпына келтіріліп, дамып ел игілігіне жарады. Осының барлығы қаржылық дағдарысты төтеп беріп, экономиканы дамытып, елді биік белестерге жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты дәлдікпен көрегендігі.

Отырыста сөз алған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Елордада Тәуелсіз Қазақстан монументін орнату керек деген бастама көтерді. Сонымен қатар Ата заңымызда тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы ерен еңбегін атап өту керектігіне тоқталды. Елбасының есімін Елордаға және еліміздің басқа да маңызды нысандарына беруді ұсынды.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілендіру керек осы қалада. Халықтың арасында айтылып жүрген және бүгін ғана туған нәрсе емес. Елбасының еңбегі бар, осы Астана қала болғаннан кейін осы жердің қанша экономикасы көтерілді, тұрмыс көтерілді.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жеке көзқарасым, мен қолдаймын. Неге десеңіз, бұл тарихта бар нәрсе мемлекетті құрған адамның атымен қаланың аталып жатқаны. Вашингтон білесіздер ғой, мысалы. Павлодар, Петропавл дегеннен гөрі, Нұрсұлтан атындағы сенің қалаңның болғаны тәуелсіздіктің символы сияқты болған.

Ал Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов депутаттардың бастамасы талқылануы мүмкін екенін айтты. Оның ойынша, Парламент тарихи құндылығы бар маңызды құжат қабылдады.

Игорь Рогов, ҚР Конституциялық кеңес төрағасы:

Соңғы шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Республикалық референдумға немесе парламентке қарауға жібере алады. Ол мұндай шешім қабылдай ма, қабылдамай ма, қазір айта алмаймын.

Қалай болғанда да, Елбасының есімін Астанаға немесе басқа да маңызды нысандарға беру идеясы әлі ұсыныс күйінде. Оны халықтың да талқысына саламыз, деді депутаттар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ