Мәжіліс депутаттары жер
кодексіне қатысты мораторийді 2021 жылға дейін ұзартатын, яғни жер кодексінің
жекелеген нормаларының қолданысын тоқтататын заң жобасын мақұлдады. Жердің
шынайы көрсеткіштерін анықтау үшін 2017 жылдан бастап ауыл шаруашылығы
министрлігі түгендеу жүргізуі тиіс. Арнайы дерекқор да жиналады деп
жоспарланған.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы
отырысында ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Ауқымды жұмысты
тиянақты жүргізуге 2-3 жылдай уақыт
керек, сондықтан мұны көпке созбай, алдағы жылы бастаймыз, деді министр. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлерін
тиімді пайдалану үшін алдымен, сол жерлердің шынайы дерекқорын жасақтап алуымыз
керек.
Асқар Мырзахметов, ҚР
Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:
Қаралып отырған бюджеттің
жобасында келесі жылға осы мақсаттағы жұмыстарға 2,5 млрд теңгедей қаржы
қаралған. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемін ескеретін болсақ, әрине, бұл қаржы
жетпей қалуы мүмкін. Дегенмен жұмысты бастау үшін бұл қаржы жеткілікті деп
есептейміз. Барлығы бюджеттен деп айтуға болмайды. Біз Парламентке енгізгелі
отырған жаңа заң жобасында жер пайдаланушылардың жауапкершілігін де көтергелі
отырмыз.