Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат Қазақстан мен Кипр арасындағы құқықтық көмекке қатысты екі заңды мақұлдады

Енді қашқындар Кипрге барып, бас сауғалай алмайды. Сенат Қазақстан мен Кипр Республикалары арасындағы қылмыскерді ұстап беру туралы шартты мақұлдады. Құжат іздеуде жүрген адамды қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселелерін реттейді. Шарт бойынша іздеудегі адамның іс-әрекеті алдымен екі елде де қылмыс ретінде танылуы тиіс. Және қылмыскерге тағайындалған бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі 1 жылдан асуы қажет.

Айнұр АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Келісімде іздеудегі адамды ұстап беру үшін алдын ала тұтқындау, дәлелдер мен құжаттарды табыстау, немесе экстрадициялауды кейінге қалдырған жағдайда қылмыскерді алдын-ала қамауға алу тәртібін егжей-тегжейлі реттелген. Сондай-ақ, осы келісімнің орындалуына байланысты шығындар мен келіспеушіліктерді реттейтін ережелер бар.
Сенатта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт та қолдау тапты. Заңда көрсетілген құқықтық көмектің белгілі бір түрлері сақталмаған жағдайда, яғни мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе құқықтық көмек көрсетуден бас тарту көзделген.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Кипр Республикасы арасында құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға арналған. Келісімнің ережелері ұстап берудің шарттары мен рәсімдерін, сондай-ақ, азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз.