Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі Ұлттық спорт мектебінен шу шықты

Ақтөбеде Ұлттық спорт мектебінен шу шықты. Мекемеде жарысқа қатысатын бірде бір асыл тұқымды жылқы жоқ. Бірақ бұл мақсатқа қазынадан 35 миллион теңге қаражат жұмсалған. Былтыр Қыркүйек айының басында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, көкпарға 13 асыл тұқымды жылқы алынуы тиіс болған. Жылқыға қойылатын талапта жоғары. Бес, жеті жастағы, бұрын спорттық додаға қатысқан, бабында тұрған болуы қажет. Байқауды екі кәсіпкер жеңген. Бірі 20 миллион теңгеге сегіз жылқы, екіншісі 15 миллион теңгеге бес жылқы сатып алған. Ал бір жыл өткен соң бұл мүлде асыл тұқымды жылқы еместігі анықталды.

Сәкен ҚАСЫМОВ, ОБЛЫС БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жылқылардың асыл тұқымдылығы туралы паспортының жоқтығы анықталды. Яғни, мемлекеттік сатып алу жүргізу техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін тауарды сатып алғаны анықталды. Анықталған бұзушылық бойынша тиісті шара қолданатын боламыз. Құқық қорғау орындарына жіберілетін болады.
Сондай-ақ мемлекеттік аудиторлар конкурсты спорт мектебі бухгалтерінің анасы ұтып алғанын анықтаған. Кәсіпкермен 74 миллион теңгеден астам қаражатқа 26 келісім шарт жасалған. Ал соңғы рет сатып алынған жылқылардың екеуі бір жылға жетпей өліп қалыпты.

Абат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл жерде ойнайтын аттар бәрін сипаттап жазған ғой. Бірақ олар асыл тұқымды емес, ондай аттар қанша тұратынын білесіздер, сондықтан ондай бағаға алынған жоқ. Ең болмаса әйтеуір қаны болсын дейді ғой. Жай мына жабы аттар алып келмесін деп.